Ұстаздық - кемел білім мен терең тәрбие негізі. Күллі ғұмырын шәкірт тәрбиелуге арнап, білім нәрімен сусындатуға сарп еткен ұстаздар еңбегі қашан да құрметке лайық. Ақтоғай ауданы Қимадиден Нығманов атындағы орта мектептің ұстазы Алма Қуватова 35 жылға жуық еңбек етуде.
Алма Қуватова ұстаздық жолын 1989 жылы бастаған. Алдымен Мүткенов ауылындағы мектепте, 1994 жылдан бастап Нығманов атындағы білім ордасында еңбек етуде. Жоғары білікті ұстаз оқушыларға химия пәнін ағылшын тілінде үйретеді. Педагогика саласында 35 жыл еңбек етіп келе жатқан ұстаздың айтары мол.
Алма Қуватова, Қ.Нығманов атындағы жобб мектебінің мұғалімі:
Ұстаздық жолды таңдағаным, әрине, ең бірінші балаларды жақсы көремін. Ұстаздық жол деген әрине оңай емес, қиын. Бірақ, қиыншылықтардан өтем деп өз-өзіме мақсат қойғаннан кейін бар күш-жігерімді салып еңбек етудем. Зейнет жасына жетуіме аз ғана уақыт қалды. Нәтижеме көңілім толады.
Алма Мәженқызы үш тілділік бағдарлама бойынша сабақ беруді 2016 жылы бастаған. Қазір оқушылар ағылшын тілінің ғылыми негіздемесін үйреніп, нәтижелерге жетіп қалды дейді ұстаз. Еңбек жолында талай шәкірт тәрбиелеген ол білім шырақшысы болу бақыты әркімге бұйыра бермейтіндігін айтады. Сондықтан, әр ұстаз өз ісіне байыпты қарау керектігін жиі айтып жүреді.
Алма Қуватова, Қ.Нығманов атындағы жобб мектебінің мұғалімі:
Білім саласында негізгі мақсатымыз ғой сапалы білім беру балаларға. Жас мамандар көп келіп жатыр ғой. Жолымыз қиын болғанымен әр адам өз жауапкершіліген бастайды деп ойлаймын.
Алма Мәженқызының қастерлі ұстаздық болмысына, педагогикадағы еңбегіне кешегі шәкірт, бүгінгі әріптестері әрқашан құрметпен қарайды.
Ғалымбек Жантеміров, Қ.Нығманов атындағы жобб мектебінің басшысы:
Бізге сабақ берген. Сол кісінің алдын көріп өстік біз. 2001 жылдан бері бірге қызмет етіп келе жатырмыз... Ұстаз дегеннің өзі бала жанының бағбаны ғой. Бұл кісі сабақ дегенде басқа дүниені ұмытатын жан. Үнемі ізденіп, шығармашылыққа баулып жүретін қасиеті бар үнемі.
Ұстаз болу өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Жанкешті мамандық жолында ғұмырын сарп еткен жанның өмірі де шуақты екені сөзсіз.
Жанасыл Серікбол