Елде өндірістік жарақатқа қарсы күреске жаңаша тәсіл енгізу жоспарланып отыр. Зардап шеккендерге өтемақы төлеумен қатар, жұмыс берушілер тарапынан қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға және ықтимал тәуекелдерді жоюға ерекше назар аударылмақ. Павлодарда өңірдегі жұмысшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты бірқатар басқа да мәселелер талқыланды.
Кездесуді өткізуге Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы басшылығының Павлодар облысына жұмыс сапары түрткі болды. Сапар облыстық мәслихат депутаттарымен кездесуден басталды. Кездесу барысында қатысушыларға өкілді билік органының қызметі және негізгі міндеті еңбек құқықтарын қорғау болып табылатын «Еңбек» депутаттық тобының жұмысы таныстырылды. Жұмыстың ең маңызды бағыттарының қатарында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселелері бойынша кең ауқымды түсіндіру науқаны атап өтілді.
Илья Теренченко, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы
Шындығын айтқанда кәсіпорынға баруда біраз өзгерістер орын алып жатады. Бастапқыда тізімде санат болмады, біз мәжіліс депутаттарын апарып, бірқатар пункттерді енгіздік. Сенаторлар келіп біраз өгерістер енгізді. Яғни кішкентай ғана кеңес беру органы бірқатар маңызды жұмыс бітірді.
Астанадан келген қонақтардың сөзінше, Павлодардағы «Еңбек» депутаттық тобы елімізде алғашқылардың бірі болып құрылған. Бұл өңірде еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелеріне жоғары деңгейде көңіл бөлінетінін көрсетеді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттарының қатарында кәсіподақ ұйымдарының төрт өкілі бар.
Сатыбалды Дәулеталин, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы
Павлодар кәсіподақ ұйымдары елдегі ең үздік кәсіподақтар дегім келеді. Белсенді, идеялары көп адамдар. Себебі, кәсіподақ жұмысы бұл біреуге жұмыс істеу емес. Бұл идея, бұл жүрек, бұл бас. Ең бастысы қауіпсіздікке бас назар аудару керек. Айтарым сол.
Кездесу аясында қатысушылар Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының алдағы бастамаларын талқылап, олар туралы ақпарат ұсынды. Бұл бастамалар жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға және олардың заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған. Негізгі бағыттардың бірі – өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мәселесі болып қала береді. Бұл салада жұмыс берушілер тарапынан ықтимал тәуекелдерді анықтап, жоюға, сондай-ақ кәсіпорындарда профилактикалық шараларды күшейтуге ерекше назар аудару жоспарланып отыр.
Сатыбалды Дәулеталин, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы
Бұл жерде бізге жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру керек. Облыстық мәслихат депутаттары бізге көмектеседі деп ойлаймын. Себебі сіздер еңбек ұжымдарымен, жұмыс берушілермен көп кездесесіздер. Екінші, еңбекақының адал төленуі. Бұл сұрақ қадағалану керек.
Сонымен қатар кәсіподақтар кәсіпорын қызметкерлеріне онлайн форматта кеңес алу және қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа мобильді шешімді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл цифрлық сервистің арқасында қызметкерлердің өтініштері мен шағымдарына жауап беру уақыты бір тәулікке дейін қысқарады деп күтілуде, бұл туындайтын мәселелерді жедел шешудің тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Самал Қалиқызы