Оқушылар сарайында «Менің отбасым – менің байлығым» атты облыстық байқаудың финалдық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы мол шараға өңірдің түкпір-түкпірінен, ауыл-аймақтардан келген сегіз отбасы қатысып, өзара бақ сынасты.

Аталған байқау – отбасы құндылықтарын ұлықтауға бағытталған маңызды алаңдардың бірі. Қатысушылар бұл күні тек өнер көрсетіп қана қоймай, өзара сыйластық, сүйіспеншілік пен ынтымақтың үлгісін паш етті. Бағдарлама барысында әр отбасы «визиттік карточкасын» ұсынып, өз әулетінің дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдары туралы баяндады. Сонымен қатар сахналық қойылымдар, ән мен би, бейнероликтер арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін жан-жақты танытты.

Бақыт Аралбаева, оқушылар сарайының әдіскері

Бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл оған Май, Аққулы, Ертіс, Успен, Шарбақты аудандары мен Ақсу қаласынан келген отбасылар қатысқан. Шараның басты мақсаты – отбасы институтын нығайтып, ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру, сондай-ақ «отбасы» ұғымының терең мағынасын кеңінен насихаттау. Мұндай байқаулар арқылы қатысушылар өздерінің жаңа қырларын ашып, бір-біріне үлгі болады.

Байқаудың «Біз – бір командамыз» атты зияткерлік кезеңінде отбасылар білімдерін, тапқырлықтарын және ұйымшылдықтарын көрсетті. Бұл кезең қатысушылардың тек шығармашылық емес, сондай-ақ логикалық ойлау қабілеттерін де айқындады.

Айта кетейік, іс-шара «Адал азамат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге, шығармашылық әлеуетті дамытуға және жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталды.

Дильназ Қуанышбекқызы