Шарбақты ауданы Шалдай ауылында халқымыздың рухани ұстазы Ғабдул Уахит Хазреттің құрметіне арналған саябақ ашылды. Игі шараға ауыл тұрғындары, зиялы қауым, дін өкілдері мен қадірлі қонақтар жиналды. Сондай-ақ, ауыл аумағында жаңа саябаққа 70 түп ағаш егілді.

Жиын барысында сөз алғандар Ғабдул Уахит Хазреттің ел руханиятындағы ерекше орнына тоқталып, оның тағылымға толы өмір жолын атап өтті. Хазіреттің құрметіне арналған игі бастама аясында табиғатты көркейтуге де ерекше мән берілді. Биыл ел көлемінде ауқымды көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілмек. Шалдай ауылындағы бұл бастама-сол істің нақты көрінісі.

Жолдас Қажы Қоспақұлы, Павлодар облысының бас имамы

Былтыр 2025 жылы бізде Мүфтияттың құрылғанына 35 жыл еді. Бұл жылы Аллаға шүкір, тәуелсіздік алғанымызға 35 жылдықты біз ерекше атаймыз, оны ерекше құрметтейміз, ардақтаймыз. Сондықтан жылдың басынан бастап Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас Мүфти Хазірет Наурызбай Тағанұлының берген тапсырмалары бар, үгіттері бар. Сол тапсырмалардың ішінде осы Республика бойынша бұйырса 35 мың тал егілетін болады. Сондықтан сіздердің де ауылдарыңызға Алланың қалауы бойынша арнайы келіп, қатысып жатырмыз.

Жаңа саябаққа 70 түп ағаш отырғызылды. Атап айтқанда, шырша, шетен және пирамидалық терек көшеттері егілді. Тұрғындар мен қонақтар бірлесе отырып, жас көшеттерді отырғызып, табиғатты көркейтуге өз үлестерін қосты.

Нұржан Айдарғазин, Шалдай ауылдық мешітінің имамы

Кейінгі ұрпаққа үлгі бұл. Қазақта айтады ғой «Атаңнаң мал қалғанша, тал қалсын» деп сондықтан да бір түп тал болса да, қайырымдылық қорының қолдауымен, ауыл тұрғындарының қолдауымен осындай бір мәмлеге келіп, сол саябақты ашқалы тұрмыз.

Салтанатты жиынға Ғабдул Уахит Хазреттің 95 жасқа келген құдасы да қатысып, батасын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Рашат Каткенов, Шарбақты ауданының құрметті азаматы

Ғабдул Уахит Хазрет бабамызға ағаш орнатып жатырмыз. Құтты болсын. Үлкен болып қарағайлар өссін. Денімізге, Отанымызға тыныштық берсін. Қазақстан алға қарай өрби берсін. Саябағымыз үлкен болып дами берсін. Маған туған құда бұл кісі. Өзі көріпкел, алдында не болатынын білетін, сезетін адам еді. Оқып келген, ғалым адам. Ол кісі тек кітап жинаған, дүние жинамаған. Ол кісінің зиратына өткен өмірінің барлық кітаптарын салып қойғанбмыз. Мал-мүлік жинамаған адам, сондай ғалым адам болған.

Алдағы уақытта саябақ аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Саябақ қоршалып, орындықтар орнатылады. Бұл тұрғындардың жайлы демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сабина Жолдаспаева