Елімізде еңбек мигранттарын пайдалануға тыйым салынғанымен, заңсыз еңбек ету фактілері тыйылар емес. Мәселен, соңғы аптаның өзінде заңсыз жұмыс істеп жүрген Орта Азия елдерінің 75 азаматы анықталған.

Екібастұз қаласында Шідерті кентінде жанармай құю станциясының құрылысында еңбек еткен Өзбекстанның 6 азаматы ұсталды. Олардың төртеуіне Астана мен Алматы қаласында еңбек етуге рұқсат берілсе, ал екі азамат тек елге келген. Тағы екі шетелдік Павлодар-Қызылорда автожолында орналасқан шаруа қожалығы объектісінің құрылысында анықталды. Олардың бірінде елде болуға рұқсат етілген мерзімі 1,5 ай бұрын аяқталған. Бұдан бөлек, көші-қон қызметінің қызметкерлері тұрғын үй кешенінің құрылысында еңбек еткен Өзбекстанның 13 азаматынан тұратын толық бригаданы анықтады. Олар полиция бөліміне іс жүргізу үшін жеткізілді. Белгілі болғандай, ешқайсында тиісті рұқсаттары болмаған.

Жанар Білялова, Павлодар облысы полиция департаментінің ресми өкілі:

Павлодар облысында жосықсыз жұмыс берушілердің көші-қон заңнамасын бұзуы орын алуда. Соңғы аптада Орта Азия елдерінің 75 азаматы анықталды. Олар рұқсатта көрсетілгендей үй шаруашылығында емес, кәсіпкерде еңбек еткен. Павлодар облысының аумағында жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері болу мерзімін бұзғаны үшін 100-ден астам шетелдік жауапкершілікке тартылды

Оның ішінде елде ұзақ уақыт заңсыз болған 11 иммигрант, 13 шетелдік сот шешімімен Қазақстаннан шығарылды. Заңсыз жұмыс күшін анықтауға бағытталған «Нелегал» жедел алдын алу шарасы алдағы уақытта жалғаса бермек.

Ақмаржан Қалымбек