Өңірдегі жетекші ет өңдеу кәсіпорындарының бірі қазіргі таңда шикізат тапшылығына тап болып отыр. Соңғы жылдары компания өндіріс көлемінің төмендеуінен туындаған қиындықтарды бастан кешіруде. Бұл жағдай Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың назарын аударды. Ол сондықтан бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, шикізат тапшылығы – бүкіл елді қамтып отырған күрделі мәселе екенін атап өтті.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрінің аймақтарға жұмыс сапары Тереңкөл ауданынан басталды. Айжан Бижанова ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында аграршылардың негізгі мәселелері мен заңнамадағы өзекті өзгерістер талқыланды. Басты тақырыптардың бірі – шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға реттеу мәселесі болды.
Айжан Бижанова, сауда және интеграция бірінші вице-министрі
«Көбінесе шағын дүкендер 15% сауда үстемесін сақтау қиын деп шағымданады. Бұл пікірмен келісеміз. Алайда талдау көрсеткендей, олардың өнім ассортименті кең, ал әлеуметтік маңызы бар тауарлардың үлесі бар болғаны 10-20% шамасында. Сондықтан бағаны ұстап тұруға болады. Қолдау шаралары міндетті түрде болады. Бірінші – отандық өндірушілерге арналған форвардтық сатып алу. Екінші – әлеуметтік маңызы бар тауарларды үстемесіз сату шартымен шағын дүкендерге 0,1% жеңілдетілген несие беру.»
Кейін делегация Тереңкөл ауданындағы ірі ет өңдеу кәсіпорындарының біріне барды. Соңғы жылдары бұл кәсіпорын шикізат тапшылығының салдарынан толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Кәсіпорын тәулігіне 60 басқа дейін ірі қара мал өңдеуге қауқарлы. Соңғы екі жылда мұнда 900 тоннадай ет өңделген.
Нұрлан Исмаилов, «Ет бастау» ЖШС басшысы
«Мал жеткізу көлемі 50%-ға дейін қысқарды. Мысалы, 2023-2025 жылдары 5 мың басқа дейін жететін, қазір айтарлықтай азайып отыр. Менің ойымша, жеке шаруашылықтарды субсидиялау қажет. Бұрын сатып алу бағасы күрт төмендегендіктен, көпшілік бұл іспен айналысудан бас тартты. Қазір баға өсті, бірақ адамдарда мал өсіруге деген ынта қалмады.»
Кәсіпкердің айтуынша, бұл саладағы әріптестердің көбі шығынмен жұмыс істеуде, дегенмен бірде-бір ет өңдеу кәсіпорны өз жұмысын тоқтатпаған. Кездесу барысында тиімді шешімдердің бірі ретінде ірі және ұсақ малдың аналық басын елден шығаруға тыйымды ұзарту ұсынылып отыр.
Айжан Бижанова, сауда және интеграция бірінші вице-министрі
«Шынында да, қазіргі таңда ірі қара малдың айтарлықтай жетіспеушілігі байқалады. Ол көбінесе оңтүстік өңірлерге әкетілуде, ал бұл өңдеу кәсіпорындарына шикізаттың жетіспеуіне әкеліп отыр. Соған қарамастан, кәсіпорындар бағаны ұстап тұрып, көрші облыстармен салыстырғанда тиімді шарттар ұсынып отыр. Бұл – ішкі нарықты қамтамасыз ету тұрғысынан аса маңызды. Сондықтан біз жүйелі әдістерге көшу қажет екенін талқыладық. Осыған байланысты фермерлік кооперациялар құруды жоспарлап отырмыз. Мұнда мал жаюсыз-ақ, сапалы ет өндіруге мүмкіндік болады. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге, ал артығын экспортқа шығаруға жол ашады.»
Айта кетейік,кәсіпорын негізінен облыстың ішкі нарығын етпен қамтамасыз етеді.
Қымбат Садық