Павлодар ауданында құлпынай өндірісі қарқынды қолға алынды. Биыл шаруа 8 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Ауданға жұмыс сапарымен барған өңір басшысы шаруалардың жұмысымен танысты. Толығырақ тілші сюжетінде.
Ағымдағы жылы Павлодар ауданының егістік алаңы 118 260 гектарды құрайды, оның ішінде 87 189 гектар жаздық егіс. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері бойынша 2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазіргі таңда өтінімнің 100 пайызы берілді, 90 пайызы төленді.
Дидар Ибраев, Павлодар ауданының әкімі
Дәнді дақылдар бойынша жұмыстар ішінара қалды, олардың жалпы ауданы 34 752 гектар, майлы дақылдар 31 777 гектар, ал жемшөп 43 364 гектарды құрады. Биыл картоп егу алаңы 300 гектарға ұлғайтылып, 5306 гектарды алып жатыр. Көктемгі дала жұмыстары аясында шаруалар 2, 2 миллиард теңге сомаға мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда 32 өтінім бойынша барлық сома төленді. Сондай-ақ, 11 146 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды, бұл жоспарлы көрсеткіштен 3 пайызға артық.
Облыс әкімі «Набережное» ЖШС алқаптарындағы егіс жұмыстарымен танысты. 25 жастағы Алғыр Сәлменбаев қожалықтың үшінші ұрпағы ретінде аталарының еңбегін жалғастырып келеді. Оның иелігінде 28 мың гектар алқап бар. Оның жартысына күнбағыс, қалған жартысына бидай егеді.
Алғыр Сәлменбаев, «Набережное» ЖШС иесі
Біз қазір біздің тәжірибе жүргізген аумақта тұрмыз. Осында күнбағыстың 14 түрі егілген. Экспресс технологиясымен егілді. Бәрі ерте пісетін гибридтер. 5-6 см тереңдіктер отырғыздық. Бәрі ойдағыдай өтті. Бірінші жыл болғандықтан бұдан не шығатынын көргіміз келеді.
Осы ретте облыс әкімі жергілікті шаруалармен кездесті. Сүтті тапсыруда мәселе барын айтты.
Асайын Қуандықұлы сүт зауыттарымен тағы бір мәрте кездесетінін айтты. Ал, бұл «Скугаревых» шаруа қожалығының аумағы. Мында көкөністер өсіріледі.
Ольга Скугарева, «Скугаревых» ШҚ иесі
Қаржыландыруды алдық, барлығы уақытында келді. Өткен жылы қиын жыл болды, сәбіз ауырды. Осы маусымда картопқа бәс тігілді – элиталық тұқымдар сатып алынды. Былтыр шілде айында қаза бастадық. Гектарынан 19 тонна алдық, кейін ол ұлғая бастады. Ол 37 тоннаға дейін жетті.
Жалпы Павлодар ауданында биыл құны 4,4 млрд теңге болатын 33 жоба жүзеге аспақ.
Дидар Ибраев, Павлодар ауданының әкімі
Құрылыс бағытында Мичурин ауылында 250 орындық мәдениет үйі салынады. Кемеңгер ауылында дене шынықтыру сауықтыру кешені бой көтермек. Бірлік ауылында 120 орындық мектеп салынып жатыр. Розовка мен Мичурин ауылдарында екі мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Ауданда 14 шақырымдық ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары 25 маусымда толықтай аяқталмақ. Мичурин ауылындағы мектеп те биыл жаңартылып жатыр.
Сондай-ақ, Павлодар ауданына жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мичурин ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысының барысымен танысты. Жұмыс ағымдағы жылдың 14 сәуірінде басталып, 15 айдың ішінде аяқталады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 207 миллион теңге бөлінді, оның 336 миллионы мердігерлердің жұмысына жұмсалады.
Серік Ахметов, «Жәрдем» ЖШС директоры
Ауылдағы жаңа Мәдениет үйі 250 орынға есептеліп, 1,5 мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатыр. Жоба бойынша ғимарат бір қабатты болып, 1305 гектар жерді алып жатыр. Ішінде барлық үйірмелерге кабинеттер болса, сыртты да қамтимыз. Балалар, спорт алаңдары болады. Ағаш отырғызылады.
Облыс әкімі «Жанашар 91» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен де танысты. Шаруашылықта сегіз жыл қатарынан бақша құлпынайы өсірілген. 2025 жылы фермер жаңа шешім қабылдап, қорғалған топырақта құлпынай өсіруге көшкен. Әзірге мұндай құлпынай бір гектар жерді ғана алып жатыр.
Серік Әскер, «Жанашар 91» кооперативінің иесі
2017 жылдан бастап құлпынай өсіремін. Биылдан бастап қорғалған топырақта өсіруге көштік. Ол вегетациялық кезеңді наурыз бен қарашаға дейін ұлғайтады. Мұндай тәсіл өсімдіктерді тиімді көбейтуге, сапалы көшет дайындауға және егіс алқабын ұлғайтуға жол ашады. Жергілікті нарыққа апарып, сатамын.
Фермер биыл шамамен сегіз тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, әкім құрылысы бірнеше созылған Ертіс-Успен каналына да соқты. Қазір жобаны жалғастыру үшін қаражат қажет.
Самал Қалиқызы