1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Железин ауданында кең ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл балалардың асыға күтетін, қуанышқа толы ерекше күні. Таңертеңнен бастап мәдениет үйінің алдында нағыз мереке басталды. Балалар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін паш етті. Кішкентай әртістердің өнері көрермендердің көңілінен шықты.

Бағдарлама аясында балалар үшін түрлі қызықты шаралар өткізілді. Аниматорлар мен фокусшылар арнайы шақырылды. Балаларға арналған батуттар, ойын алаңдары, аквагрим қызметі ұйымдастырылды. Ал, тәтті тағамдар тегін ұсынылды. Барлығы балалардың шат күлкісіне толы болды. Мереке аудан әкімдігімен ұйымдастырылды.

Маржан Алшымбаева, Железин ауданы білім беру бөлімінің басшысы

Қазақстан балалары концепциясы бойынша бағдарлама аясында, Железин округінде балаларға шаралар ұйымдастырылып отыр. Оның ішінде бүгінгі күні балаларға арналған концерттік және ойын-сауық шаралары өткізіліп отыр. Балаларды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Әр балаға бейбітшілік заман болсын деп тілеймін.

Балалардың шат-шадыман күлкісі мен жарқын жүздері бұл күннің басты көрінісі болды. Әр бала өз дарынын паш етті. Сурет салып, ән айтып, сахнада өнер көрсетті. Бұл тек көңіл көтеру емес, әр баланың өзін еркін сезініп, шығармашылығын дамытуға мүмкіндік алған ерекше күн.

Айзат Кенжебай

Бүгін маған ұнады бұл жер. Мен аквагрим салдым, балмұздақ жедім, тағы басқа нәрселер істедім. Өзім ақша тауып, бетіме аквагримм жасатып жатырмын.

Аружан Қайниденова

Иә ұнап жатыр. Сурет салдым. Маған бәрі ұнады.

Мәдениет үйінің алдындағы үлкен мерекеден бөлек, Железин ауданының тұрғындары да балаларға арналған жеке бағдарлама ұйымдастырды. Бұл екінші жыл қатарынан өтіп жатқан игі бастама. Аудан тұрғындары өз күштерімен концерт қойып, тәттілер мен пісірмелерді тегін таратты. Балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды.

Галина Акифьева, ұйымдастырушы

Біздің шарамызға қатысқан барлық кейіпкерлер – менің таныстарым мен достарым. Олар бұл мерекені бірге өткізуге өз еркімен келісті. Шамамен он жыл бұрын ауламызда өз балаларымыз үшін осындай шағын мереке ұйымдастырған едік. Кейін көршілер де қосылды. Осылайша, шағын той үлкен мерекеге айналды. Үш жыл бұрын балам сол мерекені еске алып, қайта өткізуді ұсынды. Содан бері бұл игі дәстүрге айналды.

Мереке балалардан бөлек, ата-аналар мен ата-әжелерге де қуаныш сыйлады. Олар өз ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың жиі өткізіліп тұрғанын жеткізді.

Лена Хахар, Железин ауданының тұрғыны

Бүгінгі бағдарламалар керемет. Концерттік бағдарлама болды. Балаларымды ертіп келдім мында, барлығы керемет өтіп жатыр. Барлығымызға ұнады.

Балалар күні бұл тек мереке емес, балалық шақтың бақыт пен шаттыққа толы сәттерін есте қалдыруға арналған күн. Мұндай шаралар балалардың дамуына, шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.

Сабина Жолдаспаева