Павлодар қаласының ең көрікті жерлерінің бірі – орталық жағалау. Биыл «ERTIS PROMENADE – 2025» маусымының ашылу салтанатына 50 мыңдай қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, онда жергілікті және елімізге танымал әншілер өнер көрсетті.
Ертіс өзені жағасындағы орталық жағалаудың төменгі бөлігінде бой көтерген «Ertis Promenade» сахнасы таңқаларлық. Үлкен кең LED-экраны ілініп, жағажай сахнасы жарық шашатын түрлі иллюминациялармен безендірілген. Ал сахна шымылдығын «Екі жұлдыз» жобасының финалистері ашты.
Әділ Рахметолла, «Екі жұлдыз» жобасының финалисті
Ән айту ол бала күнгі арман. Бірақ қазір обстоятельство сондай болды, қазір зауытта істеймін. Мұндай үлкен аудиторияға бірінші рет шығып тұрмын, біраз қобалжыдым.
Жобаға қатысушылардың бірі Антон Поповский зауытта жұмыс істейтін қарапайым қызметкер. Үлкен сахнаға шығып, ән салу арқылы бала күнгі асқақ арманын орындады.
Антон Поповский, «Екі жұлдыз» жобасының финалисті
Мен әрқашан ән айтамын. Ал дәл осылай үлкен сахнаға халықтың алдына шығуды бала күнімнен армандадым. Биыл Президентіміз «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын айта кеткім келеді. Бұл біз сияқты қарапайым жұмысшы еңбегінің бағаланғаны деп ойлаймын. Ұжым арасында әрқашан осылай ән айтып тұрамын, осы конкурс туралы да зауыт қызметкерлерінен естідім. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды, алдағы уақытта да өз өнерімді көрсете беремін деп ойлаймын. Көп көрерменнің алдына шығуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға, мені қолдаған барша жандарға үлкен алғысымды айтамын
Айта кетейік, «Екі жұлдыз» жобасына қатысушылар биыл өңірдің ірі зауыттары мен кәсіпорындарында еңбек ететін жұмысшы мамандық иелерінен құрылды.
Рафаэль Мухамеджанов, «Екі жұлдыз» жобасының финалисті
Мен өзім ақынмын, өлең жазамын. Бұдан бөлек ән айтқанды ұнатамын, бос уақытымда спортпен шұғылданамын, футбол ойнаған ұнайды. Зауытта жұмыс істесемде барлығына уақыт табуға тырысамын. Осыдан 3-4 жыл бұрын жеке кітабымды жазып шықтым. Сахнаға шыққаныма қуаныштымын, біраз қобалжу болды, бірақ көремендерің қолдауымен бәрі сәтті өтті.
Сонымен, «ERTIS PROMENADЕ-2025» сахнасының алғашқы хедлайнерлері Балжан Бидаш, Байтанат, Мирас Жүгінісов, Akha болды. Олар жиналған қауымға тамаша әндерін ұсынды.
Жыл сайын жазғы маусымда Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары асыға күтетін «ERTIS PROMENADE» сахнасының маусымашарына 50000 мыңға жуық адам жиналды. Айта кетейік, осы жерде жаз бойы апта сайын түрлі шаралар өтіп, жергілікті және елімізге танымал әншілер өнер көрсетеді.
Қымбат Садық