Облыс орталығында 50-ден астам бала жол қауіпсіздігінің негізгі ережелерімен танысты. Ал ата-аналарға арнайы алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

 «Қазақстан балалары» республикалық онкүндігі аясында «Қызыл Ай» қоғамы павлодарлық еріктілері мен Қазақстан әйелдер күштері альянсының филиалы бірлесіп, балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық акциясын өткізді. Танымдық әрі қызықты бағдарлама балаларды да, ересектерді де біріктірді. Балалар үшін жол қозғалысы ережелеріне арналған қызықты ойын ұйымдастырылды.

Гүлнәр Исаханова, Павлодар облысы «Қызыл ай» қоғамының директоры

Біз негізінен балалардың жол қауіпсіздігіне баса назар аударамыз. Қазір жазғы демалыс басталды, көп балалар ата-анасыз далада ойнап жүр. Сол себепті біз олардың жол ережелерін қаншалықты білетінін тексеруді мақсат еттік. Бұл – жаз мезгілінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету полиция қызметкерлерімен бірлесіп өтті. Осы орайда құқық қорғау органдарының өкілдері де акцияға қосылды. Олар балалар үшін танымдық викторина ұйымдастырды.

Өз білімін шыңдауға 50-ден астам бала келді. Барлық қатысушыларға дәмді сыйлықтар мен жазғы аяқ киім табысталды.

Сабина Жолдаспаева