Павлодарда теміржол бойына төгілген күкірт қышқылынан 1 адам уланып қалды. Оқиға орнына жеткен мамандар дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұл төтенше жағдай мамандарының Қазақстан теміржолымен бірлесіп өткізген оқу жаттығу жиынының сценарий. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Төтенше жағдай мамандары Қазақстан теміржолымен бірлесе, жыл сайын оқу жаттығу жиындарын өткізеді. Бұл жолғы сценарий бойынша теміржол бойына күкірт қышқылы төгілді деген хабар келді. Артынша улы сұйықтықтан бір адамның уланып қалғаны белгілі болды. Дереу жеткен күштік құрылымдар апаттың алдын алды. Күкірт қышқылы төгілген аумақ қоршалып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Ақылбек Баяхметов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
Негізінде бұндай апаттар болған кезде жүкті жіберуші тарап әрекет етуі керек. Яғни, қауіпті сұйықтық тиісті жерге жеткенге дейін вагондарды бақылап отыратын арнайы бригада болуы керек. Жақында ғана Екібастұзда болған жағдай олардың апатқа дайын еместігін көрсетті. Сондықтан да біз қауіпсіздікті сақтауымыз керек. Құтқарушылар осындай жағдайларға сақадай сай болуы тиіс.
Естеріңізге салайық, тамыз айының соңында Екібастұзда темір жол бойына күкірт қышқылы төгілген болатын. Бұл туралы теміржол күзетінің кезекшісі хабарлаған. Оқиға орнына жеткен мамандар цистернадағы күкірттің ағып жатқанын анықтап, дереу залалсыздандыру жұмыстарын жасады. Күкірт қышқылы төгілген аумаққа құм төгіліп, әк таспен жабылды. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін мамандар арнайы сақтық шараларын жасайды.