Павлодар облысында жыл сайынғы халықты емханаларға бекіту науқаны аяқталды. Екі айға созылған науқан нәтижесінде 13 мыңнан астам тұрғын емхана ұйымын өзгерткен. Медициналық мекемені өзгерткенмен сапа жақсара ма? Алдағы сюжеттен білейік.
Облыс емханаларында бас аяғы 770 155 тұрғын тіркелген. Биылғы тіркеу науқаны нәтижесінде өңірдің медициналық ұйымдарына 13 746 адам бекітілді. Тіркеу электронды үкімет порталы және таңдалған медициналық ұйымға тікелей хабарласу арқылы онлайн режимінде жүргізілді.
Науқан азаматтардың өздері тіркелген емханаларына көңілі толмаған жағдайда ауыстыру мақсатында жүргізіледі. Ал жаңадан ашылған медициналық ұйымдар келер жылдары халыққа медициналық қызмет көрсетуге тапсырыс алу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы облыста барлығы 333 дәрігерлік участік бар. Амбулаториялық-емханалық қызмет көрсететін 32 провайдер қызмет етеді. Оның 15-і мемлекеттік, ал 17-сі жеке меншік мекеме. Сала мамандары тұрғындар көп жағдайда қай мекемеге таңдау жасағанын атады.
Сонымен қатар, дәрігерлердің жүктемесін және кезек санын азайту мақсатында тіркеу бойынша лимит сақталған. Бүгінде орташа алғанда жалпы тәжірибелік дәрігерге 1 754 тұрғын тіркелді.
Ақмаржан Қалымбек