Руханияттың қара шаңырағы – Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті. Спектакль Шекспирдің «Ричард ІІІ» шығармасына негізделген. Сахнада Англия королінің билікке келу жолы, сатқындығы мен озбырылығы және аз уақытқа созылған билігі бейнеленді.

Шекспир туындылары қанша жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпаған. Оның шығармалары күллі әлемге танымал. Туындыларын сахналау да оңай емес. Ол кез келген театр ұжымы қолынан келе бермейді. Дей тұрғанмен, Аймауытов театры шеберлігін көрсетіп, Шекспирдің «Ричард ІІІ» шығармасын сәтті сахналай білді.

Әділет Ақанов, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі:

Бізге ең бастысы театрдың репертуарына У. Шекспирдің «Ричард» қойылымы келгеніне өте қуаныштымыз. Шекспир әрбір театрда бола бермейді. Шекспир үшін дайын болу керек. Өздеріңіз білетіндей, бұл жерде үлкен жұмыс атқарылды. Спектакль алынғалы бері 6 ай уақыт өтті. 6 ай бойы спектакль таңдалды. Одан кейін декорациялары жасалды. Біздің театр Мәскеу қаласына, одан кейін еліміздегі фестивальдерге қатыстық. Сол кезде репетиция тоқтап-тоқтап, енді толыққанды қазір премьерасын ұсынғалы отырмыз. Жақсы қойылым болады деген ойдамын.

Қойылым режиссері – Сергей Левицкий. Ол – «Золотая маска» номинациясының шорт-листіне және Ресейдің үздік жас режиссерлардың ондығына енген суреткер.

Сергей Левицкий, режиссер:

   Бұл – менің қазақстандық әртістермен жұмыс істеудегі екінші тәжірибем. Осыған дейін Алматыда жұмыс істедім. Қазір Павлодардағы Аймауытов атындағы театрмен қойылым ұйымдастырып жатырмыз. «Ричард ІІІ» пьесасын театрдың көркемдік жетекшісі Әділет Ақановпен бірге таңдадық. Дайындық барысы қызықты болды. Маған керемет әртістер ұжымымен жұмыс істеу бұйырды. Біздің премьерамыз түрлі себептермен екі рет кейінге шегерілді. Бірақ, оның бізге пайдасы тиді деп ойлаймын. Себебі, сол қосымша уақытты қойылымдағы кемшіліктерді түзету үшін жұмсадық. Жалпы қойылымға дайындық кезеңіне 4 ай кетті.

 «Ричард ІІІ» ‒ тақ үшін күрес туралы пьеса. Басты кейіпкер – билік үшін күресте адамгершілік, ар-ождан қасиеттерін жоғалтқан, айлакер, аяусыз адам. Оның қатыгез болуына не себеп? Ричардтың өзі кінәлі ме, әлде қоғам ба? Спектакль актерлары осы сұрақтарға жауап іздейді.

Қойылымда Шекспир мәтіні арқылы қоғамның бүгінгі жағдайы да көрінеді. Қазіргі күні өзекті мәселелердің бірі – буллинг. Кемсіту, шеттетуге ұшыраған жандар әділетсіз әлемнен кек алғысы келетін тұлғаға айналуы мүмкін. Режиссердің басты ойы – қатігездіктің салдары қиын болуы мүмкін екенін көрсету.

Бауыржан Манатбекұлы, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актері:

   Бүгін У. Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымының премьерасы болды. Режиссердің таңдауы, басты рөл маған түсіпті. Ричард ІІІ-ні сомдадым. Жанры – трагифарс. Режиссері – ресейлік өз атын жасап үлгерген Сергей Ливецкий. Мұндай маманмен жұмыс істеу актер ретінде өзім үшін өсу болды деп ойлаймын, режиссердің көрсеткісі келгені – адамдардың бәрі бірдей болып туады. Ешкім қанішер болып тумайды. Қазір буллинг деп атамыз ғой, қоршаған ортасының Ричардтың келбетіне байланысты тиіскеніне, түрлі факторларға байланысты Ричардтың ішінде осындай қанішерлік оянып кетті десек те болады

Қойылым көпшілік көңілінен шығып, көрерменге ой салды. Оны жиналған қауымның ыстық ықыласынан байқауға болады. Рөлдерін жоғары деңгейде сомдап шыққан театр әртістері зор қошеметке ие болды.

Жұлдыз Қабылденова