1 наурыздан бастап әскерге көктемгі шақыру науқаны басталады. 800-ден аса жас сарбаздар Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және Ұлттық ұланның қатарын толықтырмақ. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері брифинг барысында мәлімдеді.
Өткен жылы Отан алдындағы борышын өтеуге 1544 азамат шақырылған. Шақыру қағаздары азаматтардың тұрғылықты мекенжайы немесе жұмыс орнына жіберіледі. Бұдан бөлек, SMS-хабарламалар да жолданады. Облыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдерінің мәліметінше, биыл 120 азамат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 381-і Қарулы Күштерге, Ұлттық ұланға 300 және 9-ы Мемлекеттік күзет қызметіне әскери борышын өтеуге шақырылады.
Сондай-ақ, азаматтар әскери борышын қысқартылған мерзім ішінде өтеп шығуға болады. Ол үшін мемлекетке 304 мың теңге көлемінде жарна төлеуі тиіс. Бірақ, айта кетейік, енді 40 күндік әскерге барғандар мен әскери кафедра аяқтағандарға әскери билет берілмейді. Тек ғана олардың әскери қызметті өткергені туралы мәліметтері e-gov порталындағы жеке кабинетте көрсетіледі.
Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметтен жалтарғандарға әкімшілік жаза қарастырылады. Сондықтаг мамандар жастарды өз еркімен әскерге баруға шақырады. Себебі, әскери қызмет – бұл абыройлы міндет!
Қымбат Садық