2026 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жаңарады. Яғни, медициналық көмекті көрсетудің бірыңғай пакеті енгізіледі. Тиісті заң қабылданып, өзгерістер мемлекет басшысының тапсырмасына және халықаралық тәжірибеге сай әзірленді.
Реформаның мақсаты мемлекеттік және сақтандыру жүйелері арасындағы қайталанатын қызметтерді жою. Медициналық көмекті нақты бөлу және оның халық үшін қолжетімділігін арттыру. Бірыңғай медициналық көмек пакеті 2026 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылады. Енді онкологиялық скринингтер барлық азаматтарға сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі.
Сақтандырылмаған азаматтар да базалық медициналық көмектен тыс қалмайды. 2026 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жағдайы қиын шамамен бір миллион азамат МӘМС жүйесіне қосымша қамтылады. Бұл халықтың тағы 5 пайызына жоспарлы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Қазір ел бойынша 16,9 миллион адам сақтандырылған.
Реформа аясында қант диабетін емдеуге ерекше көңіл бөлінген және қаржыландыру толықтай МӘМС пакетіне енгізіледі. 2026 жылдан бастап диабетті ерте анықтау скринингтері барлық азаматтар үшін тегін жүргізіледі. Ал, дәрілік қамтамасыз ету көлемі үш есеге артып, 229 миллиард теңгеге жетеді. Оның 45,5 миллиарды қант диабетін емдеуге бағытталады.
Заңда тағы бір маңызды өзгеріс қарастырылған. Соңғы бес жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеген азаматтар үшін сақтандырылған мәртебені сақтау мерзімі үш айдан алты айға дейін ұзартылды. Бұл уақытша қиындыққа тап болған адамдарға медициналық көмектен айырылмауға мүмкіндік береді.
Сабина Жолдаспаева