Жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңірде адамдар көп жиналатын орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тексерілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері нысандарды аралады. Сонымен қатар, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатылым деректерінің жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Облыс бойынша жаңа жылдық шаралар өтетін 571 нысан тіркелген. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері нысан басшыларымен бірлесіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Қазір 169 нысанға тексеру жүргізілді. Оның ішінде 126 нысанда ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ. Ал 43 жағдайдағы кемшіліктер сол жерде жойылды.

Қайрат Шаймарденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары

Жаңа жылдық мерекелерді өткізу кезінде негізгі міндет халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өйткені бұл кезеңде қауіп-қатер арта түседі. Бұл әсіресе, жаңа жылдық мереклер өтетін орындарда, адамдар көп жиналатын объектілерге қатысты. Жаңа жылды мерекелеу қарсаңында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біздің департамент жыл сайын белгілі бір профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Жаңа жыл қарсаңында тәртіп сақшылар пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуына қарсы рейд жүргізді. Облыстың бірнеше қаласы мен аудандарын қамтыған 23 рейдтің нәтижесінде Павлодар мен Екібастұз қалаларында 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 147 мың 450 теңгені құрады.

Оразбек Уәлиханов, Павлодар облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы

Міндетті түрде тауардың сәйкестік сертификатын сұрауға болады. Сатып алушы сертификатқа қарып, қолданар алдында нұсқаулықты оқып, содан кейін ғана қолдану керек. Айтатын болсақ, сатып алған кезде егер қораптың жыртылғаны, майысқаны немесе су тиген іздері болатын болса, оны алмауға тырысыңыз. Жарылмай қалған отшашуларды кейін қарау, немесе қолмен қайта тұтауға тырыспау керек. Ең бастысы нұсақаулықты оқып, ғимараттардан 50 шаршы метрде қолдану және жел кезінде қолданбау.

Мерекелік шаралар өтетін орындарда инженерлік-инспекторлық құрам кезекшілік атқарып, өрт сөндіру техникасы дайындыққа қойылады. Мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарында өтетін жаңа жылдық отырыстарға байланысты кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сабина Жолдаспаева