Павлодар қаласының орталық алаңында жаңа жыл мерекесінің басты нышаны – бас шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылды. Ауа райының салқындығына қарамастан, бұл кешті тамашалауға шаһар тұрғындары көптеп жиналды. Балалар мен ересектер үшін арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, орталық алаң нағыз жаңа жылдық ертегіге айналды.

Мерекелік кешті Аяз ата мен Ақшақар бастап, алаңға жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен биге, ойын-сауыққа толы бағдарлама көрермендердің көңілінен шықты. Балалар жаңа жыл кейіпкерлерімен бірге би билеп, шаттыққа бөленді.

Мерекелік кеш барысында жүргізушілер жиналған жұртты келе жатқан жаңа жылмен құттықтады. Бас шыршаның шамдарын жағу сәтін асыға күтетіндерін жеткізді. Көпшілік бұл сәтті ерекше әсермен қарсы алды.

Бас шыршаның шамдары жанған сәттен бастап алаңда ерекше атмосфера орнады. Түрлі-түсті жарыққа бөленген алып шырша айналаны жарқыратып, мерекелік көңіл күйді көтерді. Көрермендердің жүзінен қуаныш пен шаттық айқын байқалды.

Мерекелік кештің сәнін арнайы шақырылған өнерпаздар аша түсті. Кеш қонағы Мирас Жүгінісов сахнаға шығып, әндерін орындады. Оның өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, мереке аясында жаңа жылдық кейіпкерлер бейнесіндегі тұрғындар арасында арнайы байқау өтті. Ең үздік анимациялық және ертегі кейіпкерлерінің киімін киген қатысушылар марапатталды. Бұл байқау кештің көңілді әрі қызықты өтуіне үлес қосты.

Ғалымжан Кеңшілік, кеш жүргізушісі

Жаңа жылдық шыршаның шамдарын жағу рәсімі әдеттегідей өте жоғары деңгейде. Негізінде Павлодарлық шаралар дәл осындай бөлек деңгейде өтетіні сөзсіз. Бұған өзіміз куә болып тұрмыз. Барлық павлодарлықтарды келе жатқан жаңа жылдарымен құттықтаймын. Жақсылықпен, қуанышпен келсін. Берекелі, мерекелі жыл болсын. Ақ пен қарасы толған жылан жылын шығарып салып, енді молшылыққа толы жылқы жылы келсін дегіміз келеді. Жаңа жыл құтты болсын.

Жалпы, орталық алаңдағы мерекелік кеш қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Алаңда ән шырқалып, мерекелік думан жалғасты. Кешке жиналған жұрт жаңа жылдық әндерге қосылып, мерекені бірге қарсы алды.

Сабина Жолдаспаева, тілші

Осылайша орталық алаңда бас шырша шамдары жағылып, жиналған жұртшылық мерекелік көңіл күйге бөленді. Бұл кеш қала тұрғындары үшін жаңа жылды қарсы алудың бастауына айналды. Алдағы күндері тұрғындарды түрлі мерекелік шаралар күтіп тұр.

Сабина Жолдаспаева