Облыста тауар нарықтарында әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаменті монополияға қарсы заңнаманың сақталуын қадағалап, заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау мақсатында түрлі талдаулар мен тергеп-тексеру жұмыстарын өткізуде.
2025 жылдың өзінде департамент мамандары облыс аумағында 24 тауар нарығына кешенді талдау жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен бірқатар қызмет көрсету салаларын қамтыған.
Қуат Өтеуов, ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары
Антимонополиялық органның негізгі міндеті – адал бәсекелестіктің дамуына ықпал ету, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуының алдын алу, анықтау және тергеу, сондай-ақ бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиядан арылту. Біздің департамент бәсекелестіктің жай-күйі мен дамуын зерделеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Жұмыс бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін зерттеу және антимонополиялық заңнаманы бұзу деректері бойынша тергеп-тексерулер жүргізу бар.
Зерттеу әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, авиаотынды, жаңа жеңіл автокөліктерді, интернет қызметтерін, сыртқы жарнаманы орналастыру, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару нарықтарын қамтыды.
Қуат Өтеуов, ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары
Жүргізілген талдаулар арқылы біз нақты нарықтардың даму деңгейін, бәсекелестікке кедергі келтіретін факторларды анықтаймыз. Сонымен қатар нарық субъектілерінің үстем жағдайды теріс пайдалану, бәсекелестікке қарсы келісімдер мен жосықсыз бәсекелестік белгілерін айқындаймыз. Егер заң бұзушылықтар анықталса, ескерту беріледі немесе айналымның 3–5 пайызы көлемінде айыппұл салынып, монополиялық кіріс тәркіленеді.
Қазіргі таңда департамент монополияға қарсы заңнаманы бұзу бойынша 5 тергеп-тексеруді аяқтаған.
Әлия Тұсынбаева, ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің павлодар облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы
«KDV Қазақстан» серіктестігіне қатысты тергеп-тексеру жүргізілді. Аталған кәсіпорын кондитерлік өнімдер нарығында басым жағдайға ие. Тексеру барысында өнімді өткізушілермен келісімшарт жасасу кезінде компания тарапынан бірдей жағдайда әртүрлі талаптар қолданылғаны анықталды.
Нәтижесінде кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде айыппұл салынды. Антимонополиялық орган алдағы уақытта да өңірдегі тауар нарықтарында әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.
Дильназ Қуанышбекқызы