Павлодар облыстық ауруханасында сирек кездесетін ота жасалды. Дәрігерлер 10 жастағы баланың бас сүйегінен ұзындығы екі сантиметрге жуық ағаштың сынығын алып шықты. Бұл оқиға баланың бұрын алған жарақатымен байланысты болған.

Анасының айтуынша баласы 5 жыл бұрын далада ойнап жүріп, ағаш бұтағына құлап, басынан жарақат алады. Сол сәтте медициналық көмек көрсетіліп, жара тігіледі. Алайда жара ұзақ уақыт толық жазылмай, кейде қабынып отырған. Бірнеше жыл өткен соң баланың самай тұсы қайтадан ісіп кетеді.

Талғат Қасымбеков, Павлодар облыстық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері

Анасының айтуынша, олар 2020 Алматы қаласында тұрған кезде, баласы жарақат алған. Сол кезде дәрігерлер жараны тіккен. Бір жылдан кейін ғана сыртқы белгілері басылған. Сол аралықта балада ешқандай шағым болмаған. Біздің болжамымыз бойынша, ағаш бұтағы соққы кезінде бірнеше бөлікке бөлініп, бір бөлігі сүйек маңында қалып қойған.

Биыл баланың жағдайы қайта мазалай бастаған соң, ата-анасы дәрігерге жүгінген. Толық зерттеу жүргізу үшін бала облыстық балалар ауруханасына жолданған. Қосымша тексеру нәтижесінде бас сүйек маңында бөгде зат бар екені анықталды.

Талғат Қасымбеков, Павлодар облыстық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері

Алғашқы жылдары бөгде затты анықтау қиын болған. Ағаш ренгенде көрінбейді. Ол сүйекке жақын орналасқандықтан ұзақ уақыт байқалмай қалған. Бұрын алынған ағаштың бір бөлігі қалған болуы мүмкін. Бұл үстіңгі жара емес, сүйек маңында орналасқан жағдай болды.

Ақ халаттылар балаға жоспарлы түрде ота жүргізген. Ұзындығы шамамен 1,5–2 сантиметр болатын ағаш бөлігі сәтті алынды. Қазір баланың жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп жоқ. Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалды.

Сабина Жолдаспаева