Павлодар облысының бес соты жаңа ғимаратқа көшті. Шараға жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев арнайы қатысты. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Бұған дейін сот төрелігі ұзақ жылдар бойы жалға алынған үй-жайларда жүзеге асып келді. Жоспарға сәйкес ашылған жаңа ғимараттың шарасына жоғары сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, облыс әкімі Асайын Байханов, сот жүйесінің ардагерлері, құқық қорғау қызметкерлері қатысты. Пайдалануға берілген ғимараттың жалпы аумағы - 8568, 3 шаршы метрді құрайды. Мұнда 42 сот отырыс залы бар. 51 сот төреші мен 96 маман қызмет көрсетеді.
АСЛАМБЕК МЕРҒАЛИЕВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫ
Мемлекет басшысы сот қауымдастығына үлкен көңіл бөліп жатыр. Көптеген реформаларымыз шығып, жалақы, зейнетақы мөлшеріне көп көңіл бөлініп жатыр.Осындай ғимарат салу үшін бюджетімізді өзіміз айқындайтын болдық. Әрине, бізден де халық, мемлекет, ел әділ шешім күтеді. Сондықтан бүгінгі осы ашылып жатқан ғимарат әділдіктің ақ туы желбіреген, халықтың, бизнестің, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын үлкен ғимарат болуын тілеймін. Барлықтарымызға құтты болсын!
Сот қызметкерлері жайлы, заманауи ғимаратта, жаңа техникаларды пайдалана отырып, жұмыс істеуі маңызды. Облыс орталығының қолайлы көшелерінен орын алған зәулім ғимарат барлық талаптарға сай жабдықталған. Дәлірек айтсақ, медиация кабинеті мен психолог және балалар бөлмесі бар. Ашылу салтанатынан кейін қонақтар облыстық соттың мұражайына экскурсия жасады. Онда өлкенің сот жүйесінің тарихы таныстырылды. Жоғары Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев 1869 жылдан бері келе жатқан құнды жәдігерді, яғни билер таққан төсбелгіні мұражай қорына сыйға тартты.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл ғимараттың ең басты маңыздылығы ол елге, біздің өңірге қызмет ету. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрине сот жүйесінің бір биліктің бөлек тармағы ретінде рөлі, маңызы өте зор. Сіздердің әділетті шешімдеріңіздің арқасында талай адам осы биліктің обьективті түрде шешім қабылдай алатын көрсеткішін жеткізіңіздер. Сондықтан жұмыстарыңызға жеміс тілеймін
Қазіргі таңда облыстық соттың тағылымды тарихы, өз орны қалыптасқан. Сала ардагерлерінің табысты еңбегін сабақтастыра отырып, бүгінгі қызметкерлер де адалдық, туралық, заңдылық қағидаттарын басшылыққа алып отыруы тиіс. Бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімінің арта түсуі үшін аса маңызды.
Қымбат Садық