Облыстық ардагерлер кеңесінде «Жеңімпаздар» естелік кітап жарық көрді. Бұл еңбекте соғысқа қатысқан жерлестеріміздің есімі кітап беттерінде мәңгі сақталады. Бұған үлес қосқан редакция алқасының еңбегі зор. Павлодарлық архивистер мен ардагерлер бірнеше жыл бойы Отан соғысына қатысқан жерлестері туралы деректерді жинап, кітапқа енгізді.

Облыстан 46 мың адам соғысқа аттанды. Оның 6000-ы 1938–1941 жылдары әскерге шақырылды. Соғыстан тек 18000 адам ғана аман-есен елге оралған. Айта кетейік, «Жеңімпаздар» жобасы 2010 жылы басталған. Алғашқы үш кітап 2015 жылы, келесі үш том 2020 жылы жарық көрді.

Рымтай Шөкеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Мына кітаптар соғыстан келгеннен кейін біздің еліміздің экономикасына қатысып, қалаларды дамытқан кісілер. Сол кісілер қайтыс болды. Олардың атын атап, қайда болғандарын ұрпақтарға жеткізу біздің парыз. Бұл кітап ескерткіш ретінде, екінші, біздің жасөспірімдер өздерінің ата-бабаларын білу үшін. Келешек ұрпаққа патриоттық сезімдерін ояту.

Ардагерлер ұйымы қоғам өміріне белсенді араласып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық іс жалғастырып келеді. «Жеңімпаздар» жобасының авторы – Халел Хайрұллаұлы Әкімханов. Ол еңбек ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі. Кітап авторына Мәдениет министрлігінен «Архив саласының үздігі» наградасы табысталды.

Халел Әкімханов, «Жеңімпаздар» жобасының авторы

Бұл тек менің ғана емес, бүкіл Павлодар облыстық мемлекеттік архивінің ортақ марапаты. Архивте 1 миллион 200 мыңнан астам құжат сақталған. Бұл құжаттар XVIII ғасырдың екінші жартысынан басталады. Елестетіп көріңізші – қаншама құжат, қаншама оқиға мен тарих бар. Бұл – өте үлкен дереккөз. Осындай бай материалдар арқылы біз тарихқа жаңа көзқарас қалыптастыра аламыз.

Павлодар облысында 140 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың ішінде 6 соғыс ардагері, 3 блокада куәгері, 11 концлагерь тұтқыны, 2348 тыл еңбеккері тұрады.

Сұрапыл соғыста 28000-нан астам павлодарлық қаза тапқан. Олардың 12000-ға жуығы хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында. Бұл азаматтардың есімдері 6 томдық естелік кітапта жазылған.

Редакциялық алқа кітапты толық аяқтауға жақын. Бірақ әлі де жинақталмаған мәліметтер бар. Жоба келер жылы да жалғасады.

Сабина Жолдасапева