Қазір Павлодар облысында 11 мыңға жуық адам созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Ақ халаттылар бұл дерттің жылдан жылға «жасарып» бара жатқанын айтады. Бұған, ең алдымен, тұрғындардың өз денсаулығына салғырт қарауы себеп дейді мамандар.Өмірге қауіп төндіретін жүрек дерті қалай пайда болады? Сақтану жолдары қандай? Толығырақ Әйгерім Тоқпанқызының әңгімесінде.

Успен ауданы Тимирязев ауылының 66 жастағы тұрғыны Рабиға Түксейітова созылмалы жүрек жетіспеушілігімен кардиологиялық орталықта ем қабылдап жатыр. Айтуынша, бірнеше жылдан бері қан қысымы жиі көтеріліп, жүрек соғысы бұзылған. Қазір Рабиға апайдың жағдайы жақсарып келеді.

Рабиға Туксеитова, Успен ауданының тұрғыны

Содан ойлап едім, осы дүниеге қайтпастай болғам. Балаларым көз алдымда. Аллаға шүкір күтіп жүрген ақ халатты адамдардың арқасында тірі қалдым. Осы уақытқа дейін. 10 жыл болды. Қазір енді отдышка болып осындай фракция, разный цифралар болып қазір низкий болды. 27 осында емге жіберді районнан по направлению. Ақша төлеп емделіп жатқан жоқпын. Барлығы бесплатно. Ақ халатты адамдардың арқасында мен тірі жүрмін. Соларға алғысым көп.

Жүрек бір күнде сыр бермейді. Мамандардың сөзінше, жүрек жетіспеушілігі көбіне ұзақ уақыт ескерусіз қалған гипертония мен инфаркттың, сондай-ақ қант диабетінің салдарынан туындайды. Ал алдын алудың ең тиімді жолы – дер кезінде жүрек саулығын тексеру. Қазір Павлодар облысында 11 мыңнан аса адам есепте тұр. Созылмалы аурулар кешені бойынша медициналық көмекті жетілдіру жөнінде жол картасы әзірленді. Оның аясында өңірде созылмалы жүрек жетіспеушілігін анықтайтын арнайы кабинеттер ашылған. Солардың бірі — облыстық кардиологиялық орталықтың жанынан құрылды.

Айгерім Рахимова, созылмалы жүрек жетіспеушілігі бөлімінің кардиолог-дәрігері

Созылмалы жүрек жетіспеушілігі – жүрек ауруының асқынған сатысы. Яғни, жүрек ағзаға қажетті қан мен оттегіні толық көлемде жеткізе алмайды. Соның салдарынан тіндер мен мүшелерге қоректік заттар жетіспейді. Соның салдарынан бүкіл ағзада гипоксия дамиды. Мамандардың айтуынша, науқастар бұл дерттің белгілерін бірден байқай бермейді. Сондықтан көп жағдайда дәрігерге кеш жүгінеді. Аурудың негізгі белгілері – ентігу, жүрек ритмі бұзылып, аяқ-қолдары іседі. Мойын көктамырлары кеңейіп, әлсіздік пен тез шаршау болады. Дәрігерлер жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары бүгінде жасарғанын айтады. Бұрын мұндай диагноз 50 жастан асқан адамдарға жиі қойылса, қазір 30 жастағы, тіпті одан да жас науқастар жиі түседі.

Созылмалы жүрек жетіспеушілігін науқасқа электрокардиограмма немесе жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жүргізу арқылы анықталады. Қажет болған жағдайда рентген де қолданылады. Бұдан кейін пациенттер қосымша тексерулерге жіберіледі. Олардың қатарында қан талдауы, атап айтқанда, қан ақуызы деңгейін анықтау бар. Сонымен қатар, коронароангиография, магниттік-резонанстық томография, Холтерлік мониторинг сияқты зерттеу әдістері де қолданылады. Дәрігерлер бұл кешенді тексерулер жүрек жұмысының нақты жағдайын анықтауға және тиімді ем тағайындауға көмектесетінін айтады.

Әйгерім Тоқпанқызы