Қоғамдағы тәртіп пен тыныштық әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Алайда Павлодар облысында түнгі уақытта тыныштықты бұзу деректері азаймай тұр. Биыл өңірде заңды бұзған 2426 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

Түн ішінде айғайласып, ұрыс шығаратын немесе музыка қосып, мазаны алатын көршілер көбейіпті. Мысалы, Байзақов көшесінде түнгі уақытта шыққан дау бүкіл үйдің тыныштығын бұзған. Егде жастағы көршісі бірнеше рет ескерту жасаған. Нәтиже болмаған соң, полиция шақыруға мәжбүр болды. Тағы бір жағдай Торайғыров көшесінде тіркелді. Таңға сағат 4те музыка дауысы тым қатты шыққан. Көршісінің айтуынша, мұндай жағдай жиі қайталанады. Тәртіп сақшылары заңбұзушыларға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Біз тұрғындардан көршілері жайлы сұрап көрдік. Кейбірі түнгі уақытта тыныштық сақталмайтынын айтып шағымданды. Көпшілігі музыка даусынан мазасызданатынын жеткізді. Ал енді біреулер көршілері өте тыныш, ешқашан мазаламайтынын айтты.

Полиция қызметкерлері жұмыс күндері кешкі сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері кешкі сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштық сақтау қажет екенін еске салады.

Сабина Жолдаспаева