Павлодар қаласында қалалық перзентхана жабылатын болды. Бұл шешім бір күнде қабылданған жоқ. Ғимараттың тозығы жетіп, оны әрі қарай пайдалану қауіпті деп танылған. Соңғы жылдары мұнда босану саны, төсек орындарының жүктемесі де едәуір азайған екен.

Перзентхана 1988 жылы салынған. Мамандар ғимараттың пайдалану мерзімі 2025 жылы аяқталатынын айтты. Санитарлық тексеріс нәтижесі бойынша, бұл ғимарат апатты деп танылған. Төсек орындар аз қолданылған екен. Бұл қаржы жағынан, жұмыс тиімділігі жағынан да қиындық туғызады.

Азамат Қайтаев, №1 қалалық аурухананың хирургия жөніндегі басшысының орынбасары

13 мамыр күні Павлодар облыстық еңбек инспекциясы өкілдерінің қатысуымен денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен перзентхана бөлімшесінің ұжымы арасында кездесу өтті. Кездесу барысында барлық қатысушыларға толық әрі нақты жауаптар берілді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, перзентхана бөлімшесінде босану саны 21%-ға азайған. Сондай-ақ, төсек-орынның нақты жүктемесі 26,7%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштердің төмендеуі қаржыны тиімсіз пайдалануға әкелетіні анық. Соңғы жылдары бұл ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Техникалық сараптама қорытындысы бойынша, бұл ғимаратты пайдалануға рұқсат тек 2025 жылға дейін ғана берілген.

Бүгінде перзентханада 160 адам жұмыс істейді. Оның 55-і Павлодар облыстық перинаталдық орталығына ауысады. Қалғандары басқа бөлімдер мен өңірлік ауруханаларға жұмысқа орналасады. Егер ұсынылған жұмыстан бас тартса, заңға сай өтемақы төленеді.

Азамат Қайтаев, №1 қалалық аурухананың хирургия жөніндегі басшысының орынбасары

Бұл жұмыстардың бәрі аналарға қауіпсіз әрі сапалы көмек көрсету үшін жасалады. Перзентхана қызметкерлерінің жайлы жұмыс істеуі үшін жасалып отыр. Перинаталдық орталықта мұндай көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар. Орталықтың қаржылық ресурсы, кең ғимараты және қажетті техникалық жабдықтары жеткілікті. Қазіргі кезде қызметкерлер мен құрал-жабдықтарды көшіру жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстар 1 маусымға дейін толық аяқталады деп күтілуде.

Павлодар облыстық перинаталдық орталығы барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Айта кетейік,Ақсу, Екібастұз және аудандық ауруханаларда перзентхана бөлімдері жұмыс істеп тұр. Ал жаңа орталықта қызметкерлерге қосымша үстемақы мен сыйақы беріледі.

Сабина Жолдаспаева