Биыл Павлодар қаласында 50 ойын алаңы салынады. Қазір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, барлық алаң мамыр айының соңына дейін толық пайдалануға беріледі. Алайда, кейбір тұрғын үйлердің аулалары бұл тізімге енбей қалды. Бұған не себеп? Толығырақ Әйгерім Тоқпанқызының материалында.
Бұл – Назарбаев көшесі, 89/2 үйдің ауласы. Оған жақын маңда 89, 89/1 және 91-үй орналасқан. Аталған мекенжайда тұратын азаматтар балаларымыздың ойнайтын алаңы жоқ деп алаңдайды. Айтуларынша, жаз бойы балақайлар көрші аулаларға барып ойнауға мәжбүр.
Даяна Кенжетаева, Назарбаев көшесі 89/2 үйінің тұрғыны
Бұл үйде тұрып жатқаныма төртінші жыл. Осы уақыт ішінде дұрыс балалар алаңы болған емес. Бар-жоғы мына бір құрылғы ғана тұр. Ол үнемі лас, шаң басып жатады. Пластмассадан жасалған, бүкіл кір-қоқысты өзіне тартып алады. Мұндай жерге баланы жіберу мүмкін емес. Балалар алаңы болса екен деп қатты армандаймыз. Бұл мәселені бірнеше рет көтердік.
Серіболат Қойлыбай, Назарбаев көшесі 91 үйінің тұрғыны
Назарбаев 91 үйінде тұрамын. Осы аулада өзімде 4 балам бар. Ешқандай балалар ойнайтын алаң жоқ. Подьездің алды қазылған. Жауапкершілік тазалық жоқ. Осы жерге неше жыл сұрап жүрмыз балалар алаңын салуға әлі еш нәтиже жоқ. Басқа жерге қарасаң домдардың алдына салынып жатыр. Именно біздің аулада жоқ балалар алаңы.
Тұрғындардың базынасын жергілікті әкімдікке жеткіздік. Мамандардың айтуынша, бұған инженерлік желілер себеп болып отыр. Коммуникациялық жүйелер өтетін аумаққа балалар ойын алаңын салуға рұқсат берілмейді. Себебі бұл — қауіпсіздік талаптарына қайшы.
Данияр Жұмаділов, Павлодар қаласы әкімдігінің ресми өкілі
Назарбаев көшесіндегі жаңағы атап өткен үйлер, біз бұл мәселені білеміз. Бірақ өкінішке қарай Павлодар қаласында бірқатар аулаларда коммуникациялық желілер өтетін болғандықтан талап бойынша ол жерге балалар ойын алаңы немес спорт алаңын салу мүмкін емес. Бұл заңға қатысты дүние бұған біз қарсы тұра алмаймыз. Балалардыі қауіпсіздігіне байланысты ешқандай ойын алаңын салу мүмкін болмай тұр. Осы мәселе қатысты.
Осылайша, балалар алаңының жоқтығы тұрғындар үшін мәселе болып тұр. Бірақ болашақта бұл түйіткіл шешіліп, балаларға арналған қауіпсіз және жайлы алаңқай салынады деп үміттенеміз.
Әйгерім Тоқпанқызы