Павлодарда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында бас-аяғы 8 мәселе қаралды. Бірқатар шенді қызметіне сай емес деп танылды. Олар кімдер? Мән-жайы алдағы бейнесюжетте.

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Ақтоғай ауданы әкімі Қаршыға Арыновтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндамасынан басталды.

Кейін облыстың Әдеп жөніндегі уәкілі Ерухан Ергебаев өткен жылы өңірде атқарылған шара легін баян етті. Шендінің мәліметінше, 2023 жылы 119 мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның басым көпшілігі жол ережелерін бұзған. Бұдан бөлек 320 жуық сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алған. Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланатын шенділер де бар. Оларға қатысты шара қолданылуда дейді өңірдің әдеп жөніндегі уәкілі.

ЕРУХАН ЕРГЕБАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ

Біз заңбұзушылық орын алғанға дейін шара қолдануға тырысамыз. Ол үшін қызметкерлермен ұдайы түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Оның барысында қандай қызметкер, қандай қызмет көлігі назарға іліккені жайлы айтылады

Тағы бір мәселе Май ауданы Саты ауылдық округінің әкімі Әсет Дюсуповке қатысты қаралды. Белгілі болғандай шенді комиссия құрамында бола тұра ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер пайдалануға оң қорытындыны заңсыз шығарғаны белгілі болған. Кейін ауыл әкіміне қатысты тәртіптік іс қозғалған. Әдеп кеңесінің шешімімен Саты ауылдық округінің әкімі Әсет Дюсупов қызметіне толық сай емес деп танылды.

Жиныда Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Рахат Бақбергеновке қатысты ұсыным қаралды. Шендіге қатысты бірнеше мәселе қозғалды. Онда оның 400 млн астам қаражатты эскроу шотқа заңсыз аударғаны, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу мерзімінің жалғасуына жол бергендігі көрсетілген. Комиссия мүшелері бірауыздан қызметіне толық сай емес деген шешім шығарды. Ал Шарбақты ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сымбат Шаяхметова бірқатар заңбұзушылыққа жол берген. Ол қызметтік автокөлікті жеке мақсатты пайдаланған және жұмыс уақытында «Ертіс орманы» резерватында уақыт өткізген. Аталған құқықбұзушылықтары үшін ол сөгіс арқалады. Осылайша әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бас-аяғы 8 мәселе қаралды.

Ақмаржан Қалымбек