Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебі негізінде оқушылар арасындағы бейне байқау өтті. Оның барысында шәкірттер өздерін алаңдатқан әлеуметтік мәселелерді видео арқылы жеткізді.
«Әлеуметтік тәрбие: мектеп оқушыларының көзімен» атты бейне байқау облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сайысқа қала мектептерінен 47 бейнеролик келіп түскен. Олардың 17-сі үздік деп танылып, қазылар алқасының қарауына ұсынылды.
Бейнероликтердің режиссері де, сценарий авторлары мен актерлары де – оқушылардың өздері. Бейнелерде отбасындағы бала тәрбиесінен бастап, шәкірттер арасындағы зиянды әдеттерге дейінгі тақырыптар қамтылды. Мәселен, №33 мектеп оқушылары жасөспірімдер арасында үлкен танымалдыққа ие болған электронды темекінің зияны туралы бейнебаян түсірді.
Өкінішке қарай, соңғы уақытта буллинг мәселесі де өзекті болып отыр. Ол туралы М. Әлімбаев атындағы мектеп оқушылары кеңінен тарқатты.
Осылайша, балалар өздерін алаңдатқан мәселелерді жан-жақты аша білді. Қазылар алқасы бейнелердің өзектілігі мен тақырып тереңдігін бағалады.
Жұлдыз Қабылденова