Негізгі Жаңалықтар Ит серуендететін алаңға шағым көп

Ит серуендететін алаңға шағым көп

Ит серуендетуге арналған алаң тұрғындар, мектеп ұжымы мен ит иелерінің арасында дау туғызған. Қамзин көшесі, 62/1 мекенжайындағы бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Тұрғындардың айтуынша, олар осыған байланысты бірнеше рет әкімдікке және басқа да тиісті мекемелерге жүгінген. Алайда әзірге нәтиже жоқ.        


: Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ит серуендетуге арналған алаң осыдан шамамен сегіз жыл бұрын салынған. Содан бері қарсы беттегі үйлердің тұрғындары үшін бұл жер тұрақты шу көзіне айналған. Әсіресе жаз мезгілінде қиын. Күн ыстықта терезені ашық ұстауға тура келеді. Ал иттердің үрген дауысы таңертең ерте басталып, кешке дейін естіледі. 

Светлана Ичанкина, Павлодар қаласының тұрғыны

Мен осы алаңның алдында тұрамын. Ит иелері таңғы уақыттан бастап, кейде түнгі он бірге, тіпті түнгі бірге дейін осында жүреді. Иттер үнемі үреді. Полиция шақырған кездерім де болды. Тұрғындар да бірнеше рет шағымданды. Әкімдіктен де келіп, жағдайды көрген. Бірақ мәселе сол күйі қалып отыр. Шынымен, әбден шаршадық. Таңғы алты жарымнан бастап кішкентай бір ит келеді. Жолдан өткен адамдардың бәріне тоқтамай үреді. Дауысы өте жағымсыз. Мұндай жағдайда тұру мүмкін емес. Кешкі уақытта да бірнеше рет ескерту жасауға тура келеді.

Қолайсыздықты тек жақын маңдағы үйлердің тұрғындары ғана сезініп отырған жоқ. Ит серуендететін алаң Машһүр Жүсіп атындағы мектепке тым жақын орналасқан. Бұл білім ордасында күн сайын жүздеген бала оқиды. Балалардың иттермен қатар жүрмеуі үшін мектеп басшылығы бұрын пайдаланылған кіреберістердің бірін жапқан. Енді оқушылар мектеп аумағына басқа жақтан кіреді. Ал бұл кіреберістің маңында көлік қозғалысы қарқынды.

Рауза Бейсекенова, 3-шағын аудан ардагерлер кеңесінің төрғасы

Біз хат жаздық, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгіндік. Білім бөлімі де мәселеге тартылды. Шамамен алты жыл бұрын мұнда ТҮКШ, білім бөлімі, жер комитеті және ветеринария өкілдері келіп, жиналыс өткізді. Сол кезде мен: «Мектептің дәл іргесінде бөгде ит серуендететін алаңның орналасуы заңға және белгіленген талаптарға сай ма?» деп сұрадым. Ол кісі біраз ойланып тұрып «Жоқ, әрине» деді. Мен онда не істеу керегін сұрадым. Бірақ мәселе сол күйі шешілмеді. Өз көзіммен екі әйелдің тұмылдырықсыз, қарғыбаусыз екі ит жетектеп келгенін көрдім. Иттері арттарынан еріп жүрді. Ал бала айқайлап немесе аяқпен тарсылдатып қалса, не болатыны белгісіз. Иттердің балаға тап бермейтініне кім кепіл?

Тұрғындардың тағы бір шағымы алаңның санитарлық жағдайына қатысты.

Рауза Бейсекенова, 3-шағын аудан ардагерлер кеңесінің төрғасы

Жаз мезгілінде олар арнайы қапшықтарды іліп қояды, иттердің қалдықтарын жинайды. Бірақ сол жерде адам төзгісіз жағымсыз иіс шығады. Жанынан өткенде тыныс алу қиын. Оның үстіне, иттердің өз қажеттерін өтеуі табиғи нәрсе. Бірақ жер арнайы тазартылып, өңделмейді. Құм бәрін бойына сіңіреді. Ал бұл жерде балалар жүреді.

Тұрғындар ит серуендетуге арналған алаңды үйлер мен мектептен алысырақ жерге көшіруді сұрайды. Олардың пікірінше, бұл таңертең ерте және кешкі уақытта иттердің дауысынан болатын шуды азайтып, балалардың мектепке қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді. Әзірге мәселе шешімін тапқан жоқ. Павлодарлықтар тұрғындардың да, ит иелерінің де мүддесі ескерілетін ортақ шешім қабылданады деп үміттенеді.


Сабина Жолдаспаева





Бөлісу