Негізгі Жаңалықтар Мәшһүр Жүсіп оқулары өтті

Мәшһүр Жүсіп оқулары өтті

 «Мәшһүр Жүсіп оқулары» қалалық конкурсы биыл да шығармашылыққа қызығатын жастардың басын қосты. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын сайыс ақынның мол мұрасын насихаттап, оның шығармаларын тереңірек танытуға бағытталған.Байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыруды көздейді. 


Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы- қазақтың рухани және әдеби мұрасында айрықша орны бар тұлға. Ақынның шығармаларында ел тарихы, салт-дәстүр, адамгершілік пен білім тақырыптары кеңінен көрініс тапқан. Сайысқа студенттер, мектеп оқушылары, ұстаздар мен балабақша тәрбиешілері, сондай-ақ түрлі мекеме мен кәсіпорын қызметкерлері жиналды. Қатысушылар Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын жатқа оқып, ақынның әдеби мұрасын көпшілікке таныстырды.

Мейрам Нұғыман, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі

Бұл дәстүрлі түрде болғандықтан жыл өткен сайын қатысушылардың сапасы мен саны артып келе жатқанын байқауға болады. Қазір жастар Мәшһүр Жүсіп шығармаларын терең оқып, өмір баянымен танысып, Мәшһүр бабамыздың рухани дүниесіне бет алып жатыр. Бұл да қуанарлық жағдай. Осы конкурсты ұйымдастыру барысында байқағанымыз, жастардың қазақ әдебиетіне, оның ішінде Мәшһүр бабамыздың шығармаларына ынта қойып оқып жатқандары қуанарлық жағдай деп айтуға болады. Бұл сайыс өзі үш кезеңнен тұрады. Бірінші Мәшһүр Жүсіптің бір жырын жатқа, мәнерлеп оқып беру керек. Екінші Мәшһүр Жүсіп бабамыздың Ислам дініне қатысты шығармаларын мазұндап, айтып беру. Үшінші кезең Мәщһүр Жүсіптің өмір баянына қатысты берілген сұрақтарға жауап беру. Осы сынақтардан өтеді. Жалпы қатысып жатқан балалардың саны 30-ға жуық.  

Қалалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауы өңірімізде 2010 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде жүздеген жас пен ересек шығармашылық сайысқа қатысқан. Байқау мемлекеттік тілді меңгеруге ғана емес, көркем сөзді мәнерлеп жеткізуге, ақын мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Нұртілеу Мәрен, №21 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі 

Бүгінгі байқауға дайындығым өте жақсы деген ойдамын. Бүгінгі сыннан тек қана үзілмей, жүлделі орын алуға келіп отырмыз. 

Зәмзәгүл Нұрғалиева, №39 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі 

Негізінде жыл сайын ұстаздар ретінде осындай оқуларға қатысып тұрамыз. Өзім биыл екінші жыл оқуларға қатсысып тұрмын. Мәшһүр Жүсіп оқуларының ұйымдастырлуы өте керемет деп ойлаймын. Өйткені бұл жастарға, ұстаздарға өте керемет мүмкіндік. Өзінің шығармашылығын шыңдай түсуге және сахнада көрініп қалуға. 

Байқау барысында қатысушылардың оқу мәнері, дауыс ырғағы, сахна мәдениеті мен шығарманы жеткізу шеберлігіне назар аударылды. Әр қатысушы Мәшһүр Жүсіптің туындылары арқылы ақынның ой-толғамын көрерменге жеткізуге тырысты.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталады. Мәшһүр Жүсіп оқулары осылайша ақын мұрасын ұлықтап, көркем сөзге құштар жандардың шығармашылық ізденісіне жол ашты.


Сабина Жолдаспаева 


Бөлісу