Марафоншылар қатерлі дертті ерте анықтауға үндеді
Павлодардың орталық жағалауында сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға арналған жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Облыстық онкологиялық диспансер бұл бастаманы әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен өткізді. Шара «Қызғылт қазан» халықаралық ақпараттық айлығы аясында жыл сайын ұйымдастырылады.
Жарыстың мақсаты спортты насихаттау ғана емес, сүт безі обырына қоғам назарын аудару. Бұл дерт Павлодар облысында онкологиялық аурулардың арасында алдыңғы орында тұр. Сондықтан мамандар ерте кезеңде анықтаудың маңызын үнемі айтып келеді. Уақытылы жүргізілген тексеру емнің нәтижелі болуына мүмкіндік береді.
Ермек Кучуков, Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Бүгінде бұл ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік бар. Мемлекет азаматтарға скринингтік тексеруден тегін өтуге жағдай жасап отыр. Оның ішінде адамның сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай, зерттеу мемлекет есебінен жүргізіледі. Биыл скринингтен өту жасын 76 жасқа дейін ұзарттық. Яғни, 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер екі жылда бір рет сүт безі обырын ерте анықтауға арналған тексеруден тегін өте алады. Жыл сайын осы аурудың 100-ге жуық жаңа жағдайын анықтаймыз.
Жарысқа еліміздің бірнеше қаласынан 500-ден астам адам келді. Қатысушылар жас ерекшелігіне және дайындық деңгейіне қарамастан ортақ мақсатқа жұмылды. Ерлер 5 шақырым, әйелдер 3 шақырым қашықтықта жүгірді.
Мұрат Сүлейменов, Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің директоры
Жыл сайын біз түрлі онкологиялық ауру бойынша 10,5 мыңға жуық науқасты емдейміз. Ал сүт безі обыры бойынша жыл сайын шамамен 300 адам диспансерлік есепке алынады. Олардың жасы әртүрлі. 20 жастан бастап 93 жасқа дейінгі науқастар бар. Бұл шараны өткізуге демеушілер қолдау көрсетті. Қатысушылар үшін шай мен кофе де ұйымдастырылды.
Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар әуесқойлар да қатысты. Олардың арасында еліміздің басқа қалаларындағы жүгіру жарыстарына тұрақты қатысып жүргендер бар. Бұл жолы олар спорттық нәтиже үшін емес, маңызды бастаманы қолдау үшін келген.
Светлана Дымовских, қатысушы
Қашықтықты бір деммен жүгіріп өткендей болдым. Бес күн бұрын Алматыдан келдім. Ол жерде 42 шақырым жүгірген едім. Сондықтан бүгінгі жарыс жеңілдеу жаттығу сияқты өтті. Нәтижесінде өз санатымда екінші орын алдым. Бірақ бұл жерге ең алдымен қолдау көрсету үшін келдім. Біз жағалауда жиі жаттығамыз. Бұл жерде жүгіруге өте қолайлы, айналасы да әдемі.
Жарысқа жастар да белсенді қатысты. Солардың бірі – 19 жастағы Алина. Ол 18-39 жас аралығындағы қатысушылар арасында бақ сынап, екінші орын иеленді.
Алина Бондарева, қатысушы
Ұйымдастыру жұмыстары маған ұнады. Жарыстың бағыты да жақсы таңдалған. Медальдары да әдемі. Әрине, бұл қашықтықты жүгіріп өту оңай болған жоқ. Дегенмен нәтижеме көңілім толады. Осындай жарыстар Павлодарда көбірек ұйымдастырылса екен деймін. Спортты дамыту маңызды. Ең бастысы денсаулық.
«Қызғылт қазан» айлығы аясындағы шара мұнымен шектелмейді. Облыстық онкологиялық диспансерде тұрғындарға арналған ашық есік күндері өтеді. Сонымен қатар мамандар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, онкологтардың қатысуымен дәрістер ұйымдастырады. Мамандар тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексеруден уақытылы өтуге шақырады.
Сабина Жолдаспаева