Негізгі Жаңалықтар Ақсу-2 станциясы қайта ашылды

Ақсу-2 станциясы қайта ашылды

Ақсу қаласындағы Ақсу-2 станциясы жөндеуден кейін қайта ашылды. Шамамен бір жыл ішінде бұл ғимарат толықтай жөндеуден өтіп, тұрғындарға жайлы жағдай жасалды. Салтанатты ашылу рәсіміне түсірілім тобымыз қатысып қайтты.


Ақсудағы сапаржай ғимараты соңғы рет осыдан 25 жыл бұрын ғана жөндеу көрген екен. Ширек ғасыр ішінде тозығы жеткен нысан түбегейлі жаңартылып, есігін айқара ашты.

Қуанышты жиынға қала тұрғындары, құрметті азаматтары мен ардагерлері жиналды. Олар жаңа сапаржайдан жолға аттанатын жандарға ақ жол тілеп, бата берді. 

Бұл жоба – мемлекет басшысының елдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша тапсырмасы аясында атқарылған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі. Бұл туралы қала әкімі атап өтті. Сондай-ақ ол ғимаратты жаңғыртуға атсалысқан жандарға алғысын білдірді. 

Әнуарбек Аманов, Ақсу қаласының әкімі

Бұл – қаламыздың теміржол инфрақұрылымының үшін маңызы зор нысан. Модернизациядан кейін мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалды. Жаңартылған сапаржай жолаушылар игілігіне ұзақ уақыт бойы қызмет ететініне сенімім мол. Осынау маңызды жобаның іске асуына атсалықан барша жанға алғысым шексіз.

Ауа райы қолайсыз болғанда, әсіресе қыстың боранды күндері де жұмысын тоқтатпайтын жалғыз көлік түрі – пойыз. Сондықтан оған сұраныстың қашан да жоғары болатыны анық. Енді міне, Ақсу мен маңайдағы елді мекендердің тұрғындары сапарға шығар жолын осындай заманауи, жылы әрі жайлы ғимаратта күтеді.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу