Негізгі Жаңалықтар Үйді кім басқарады?

Үйді кім басқарады?

Сәтпаев көшесі, 35 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындары ортақ мүлікті басқару мәселесін айлап шеше алмай жүр. Олар өздері таңдаған тұрғын үйді басқарудың жаңа түріне толықтай ауыса алмай, жанжалдар мен түйткілдерден арыла аймай отыр.



Басқару түрін анықтау үшін тұрғындар пәтерлерді аралап, дауыс жинаған. Көпшілік тікелей бірлесіп басқару формасын таңдаған, алайда бұл шешім үлкен дауға әкеліп соқты.

Бағлан Асайынова, Академик Сәтпаев көшесі, 35 үйінің тұрғыны

Қазақстандағы барлық пәтер иелері кооперативіне 2025 жылдың 15 шілдесінен бастап бір жыл ішінде қайта тіркеуден өту талабы қойылған. Яғни, 2026 жылдың 16 шілдесіне дейін қайта тіркелмегендерінің таратылуы тиіс. Бұл кезеңде тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігі немесе тікелей бірлесіп басқару формасын өздері таңдамаса, басқаруды уақытша тұрғын үй инспекциясы өз мойнына алады. 16 шілдеге дейін «Ақ шатыр» пәтер иелері кооперативі қайта тіркеуден өтпеген. Оның бұрынғы төрағасы Иванова 19 шілде күні бәрімізді жиналысқа шақырып, «Біз қайта тіркеуден өтпедік, сондықтан мүлік иелерінің бірлестігі формасына көшеміз», - деді. Сонымен қатар тікелей бірлесіп басқару формасына ауыспау керек екенін айтты. Біз үйлерді аралап, тұрғындардың пікірін жинадық, ал басым бөлігі тікелей бірлесіп басқаруды таңдады.

Таңдау жасалғанына қарамастан, жиыннан кейін құжаттама мен нысандарды қабылдап алу рәсімі ұзаққа созылып, тұрғындар жертөлеге тек бірнеше тараптың қатысуымен кіре алғанын айады. Ал ол жердегі көрініс тағы бір үлкен мәселенің туындауына түрткі болған.

Тұрғындардың айтуынша, мүлік пен үй-жайлардың бір бөлігі жаңа басқарушы тарапқа ұзақ уақыт бойы қолжетімсіз болып келді. Ал жертөлені ашқанда, онда мүлде болмауы тиіс заттардың тұрғанын анықтаған. Бұл жайттан кейін тұрғындар қауіпсіздік пен үйдің жылыту маусымына дайындығы үшін алаңдаулы.

Анастасия Журавлёва, Академик Сәтпаев көшесі, 35 үйінің тұрғыны

Пәтер иелері кооперативінің бұрынғы төрағасы Иванова Светлана Николаевнаның құжаттар мен кілттерді тапсыруына шамамен 1-2 апта уақыт берілсе де, бұл міндетін орындаған жоқ. Тек жұма күні Вадим келіп, жертөлені ашты. Басқарушы компания мен тұрғындар ішке кіргенде, қосылып тұрған тоңазытқыш, кір жуатын машина және оттегі баллондары сияқты лол жерде болмауы тиіс заттарды көрдік. Вадим бұл жағдайды Ивановаға айтып, дүйсенбіге дейін жертөлені босатуға уәде берді. Дүйсенбі жылыту маусымына дайындық шараларын жасау керек еді. Бірақ дүйсенбі таңертең ешкім болмады. Тек сағат үште басқарушы компания келіп, бізді шақырды. Учаскелік инспектор мен тұрғын үй инспекциясына алдын ала ескертіліп, біз жертөлеге қол жеткіздік.

Мүлік пен жертөле нысандарын қабылдап алу мәселелерімен қатар, қаржылық сипаттағы түйткілдер де туындаған. Тұрғындар бұрынғы басқару ұйымы өз қызметін тоқтатқан мерзімнен кейін де, тамыз айына арналған коммуналдық төлем түбіртектерін жібергенін мәлімдеді.

Анастасия Журавлёва, Академик Сәтпаев көшесі, 35 үйінің тұрғыны

16 шілдеден бастап пәтер иелерінің кооперативі жоқ болса да, бізге түбіртектер келді. Түсінбейтінім – оның барлық тұрғынға келмегені. Ал біздің он бірінші подъездге төлем түбіртегі келді. Мәселеден бейхабар болып, мен тамыз айының ақысын төлеп жібердім. Артынша бұл кезең үшін төлем жасауға тиіс емес екенімізді біліп, пәтер иелердің бірі одан қаражатты қандай негізде жинағанын сұраған кезде, ол: «Менің сауалнама парақтарын басып шығарғанымның шығынын өтек керек болды», - деді.

Қазір тұрғындар қай шешімнің дұрыс екенін анықтай алмай әлек. Олардың сөзінше, өздері МИБ-ке қарсы болып, ПИК-тің бұрынғы төрағасының жаңа ұйымды басқаруға ұмтылысын қолдамаған. Мұның басты себебі – үйдің, әсіресе жертөленің күйі. 

Туындаған мәселе ішкі келіспеушілік шеңберінен асып кеткен. Оның әлі күнге дейін заңды шешімін таппауы үйдің тыныс-тіршілігіне кедергі келтіріп отыр.

Анастасия Журавлёва, Академик Сәтпаев көшесі, 35 үйінің тұрғыны

Мен қала әкіміне де жүгінгенмін, біздегі жағдайды растайтын дәлелдерім де бар. Ол «тұрғын үй инспекциясы бәрін біледі, сіздерде жаңа басқарушы компания бар, кілттер – оларда» деп айтты. Енді неліктен мәселе шешімін таппай жатқаны түсініксіз. Бүгін бұрынғы төраға келіп, кілттерді қайтадан алып кетті, тұрғындар тікелей бірлесіп басқару үшін дауыс бермегенін айтты. Оған қоса жұртқа «сот тартысы жүріп жатыр» деп айтып жүр екен. Шын мәнінде, талап арыз берілгенімен, бізге ешқандай хабарлама келген жоқ. Талап арыз – әзірге тек сотта қаралу үстінде. 

Қазір Сәтпаев көшесі, 35 мекенжайындағы үйді басқаруға кімнің заңды құқығы бар деген сұраққа тұрғындар әзірге нақты жауап ала алмай отыр. Бұл оқиғаға түпкілікті нүктені енді ресми инстанциялар қоюы тиіс.


Айдана Коканова 



Бөлісу