Футбол - ұрпақтар арасындағы көпір
Павлодарда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында полиция қызметкерлері мен оқушылар және колледж студенттері шағын футболдан турнир өткізді. Жарыста ойыншылар барын салып, жеңіске деген жігерін көрсетті. Толығырақ келесі материалда.
Жарысқа төрт команда қатысты. Олар — полиция қызметкерлері, Абай атындағы гимназия және химия-механика колледжінің өкілдері. Оқушылар мен студенттер үшін бұл жай ғана жарыс емес, құқық қорғау органдары қызметкерлерін басқа қырынан тануға мүмкіндік.
Жанат Сүлейменов, білім басқармасының өңірлік дене шынықтыру практикалық орталығы басшысының орынбасары:
«Республикалық «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында құқық қорғау органдары қызметкерлері мен мектеп және колледж оқушылары арасында шағын футболдан жарыстар өткізіліп жатыр. Яғни, үлкендер мен балалар бас қосты. Футбол ойнап қана қоймай, құқықтық тәртіпті насихатталады. Бұл жарысты екінші жыл өткізіп жатырмыз. Бұған дейін тек мектеп оқушылары қатысқан. Енді колледж студенттері де қосылды. Осылайша «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына тартылған жастардың ауқымын кеңейтіп келеміз.»
Төрт команда, алты ойын. Бір минутболсын босаңсуға мүмкіндік жоқ. Қысқа формат ойыншыларды жинақы ұстайды. Мұнда жылдам реакция, дәл пас және ойын барысында тез бейімделу маңызды. Дегенмен бүгінгі басты жүлде кубок емес, ойыннан кейін әр қатысушының ойында қалатын жақсы әсер. Ойыншылар байыппен бастап, сақ ойнады. Бәкір Мұхит, турнир қатысушысы
«Команданың дайындығы өте жақсы. Бүгін әдемі ойын көрсеткіміз келеді. Осы шарадан жақсы әсер алып, футболдан ләззат алғымыз келеді. Осындай іс-шара ұйымдастырғандарыңызға рақмет.»
Спорт арқылы ортақ тіл табысу үлкендер ме жастар аарсындағы айрықша көпір. Бұндай шаралар жастарға қарапайым нәрселерден басталатын ережеге деген құрметті көрсетуді де үйретеді дейді ұйымдастырушылар.