Шахматшылар Абызбай Адамовты еске алды
Павлодарда шахматтан облыстық деңгейдегі турнир өтті. Зияткерлік сайысқа өңірдің әр түкпірінен келген қатысушылармен қатар, арнайы Елордадан ат терлетіп келген шахматшылар да қатысты.
Тақта басындағы тартысқа 86 адам жиналды. Қатысушылардың жасы 40-тан асып, 60 жастан асқан тәжірибелі ойыншыларға дейін қамтыды. Олардың әрқайсысы шахмат тақтасында тактикасы мен шеберлігін сарапқа салды.
Зияткерлік бәсеке Ертіс ауданының құрметті азаматы, ғұмырында шахматты серік еткен Абызбай Адамұлын еске алуға арналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир – оның өнегелі өмірі мен сүйікті ойынына деген құрметтің белгісі.
Айта кетейік, Бүгінде Павлодар өңірінде шахматқа деген қызығушылық артып келеді. Әсіресе әуесқойлар арасында бұл спорт түрінің аясы кеңейіп, жергілікті ойыншылар республикалық додаларда да өңір намысын абыроймен қорғап жүр.
Байтұрсын Жұмабай