Негізгі Жаңалықтар Тегін білген – текті ұрпақ

Тегін білген – текті ұрпақ

Ұрпағына шежіресін үйрету – ертеден бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Қазіргі жас ұрпақ жеті атасын қаншалықты жақсы біледі? Мұны оқушылар сайыста көрсетті. Толығырақ әріптесім тарқатады.


Ата-текті білудің халқымыз үшін ерекше мәні бар. Осы бағыттағы «Жеті ата» байқауы шаһарда екінші мәрте ұйымдастырылды. «Кереку билер алқасы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған іс-шараға Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімі мен «Жасыл ел» жасағы қолдау көрсетті. Басты мақсат – жастардың ұлттық салт-дәстүр мен өз шежіресін білуге деген қызығушылығын арттыру. 

Ербол Айтбаев, қазылар алқасының мүшесі

«Мұндай шараның қаламызда өтіп жатқаны – құптарлық дүние. «Ата-бабасын білген ұрпақ азбайды» деген сөз бар қазақта. Сондықтан осындай шаралар үнемі ұйымдастырылып отыруы керек. Шежіресін жақсы білсе, ата-бабасының кім болғанын білсе, сол өзіміздің салт-дәстүрімізді жақсы білсе – сол балаларға жоғары баға қойылады.» 

Сайысқа отызға жуық бала жиналды. Олардың әрқайсысы алдымен жеті атасы туралы мәліметтерді түрлі форматта ұсынып, ата-бабасы жайында білетін аңыз-әңгімелерді айтты, ал келесі кезеңде шежіреге қатысты мақал-мәтелдер бойынша білімін ортаға салды.

Іс-шара соңында оза шыққан үздіктер диплом және ақшалай сыйақыға ие болды. Сонымен қатар, сайысқа қатысқан әрбір жасқа алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.

Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу