Негізгі Жаңалықтар Жас автоспортшыны еске алуға арналған дрифт-такси өтті

Жас автоспортшыны еске алуға арналған дрифт-такси өтті

Демалыс күні Павлодарда дрифт-такси өтті. Спорттық іс-шара бірнеше жыл бұрын мезгілсіз дүниеден өткен жас әрі талантты автоспортшы Анатолий Кинді еске алуға арналды. 


«МЕТRО» сауда орталығының автотұрағында ерекше іс-шара өтті. Мұнда кәсіби автошабандоздар жоғары жылдамдықпен жүйткіп, күрделі бұрылыстарды шеберлікпен бағындырды. Бастысы – спортшылар мен көрерменнің қауіпсіздігі үшін барлық қажетті жағдай қамтамасыз етілді.

Екатерина Чигрина, Павлодар облысы бойынша автомотоспорт федерациясының өкілі

Он жылдан аса уақыт бізге алаң беріп келе жатқан Метроның басшылығына алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ қала әкімі Хасар Айтбекұлына автоспортқа қолдауы үшін көп рақмет! Әкімдікке, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлеріне турникеттер, қоқыс жәшіктері сынды керек дүниелерді беріп, іс-шараның қауіпсіз өтуіне жағдай жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз! 

Қазақстан Автомотоспорт федерациясының ресми сертификатына ие 8 кәсіби пилот өнер көрсетті. Ал дрифт-таксидің ерекшелігі – кез келген жанның осы спортшылардың жанында отырып, жылдамдық пен адреналинді сезіне алуында. 

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков іс-шараға арнайы келіп, ұйымдастырушылар мен қатысушылармен жақынырақ танысты, сондай-ақ, көліктердің біріне мініп көрді. Бұл ерекше мүмкіндікті алаңға жиналған қала тұрғындары да жіберіп алмады.

Аспандияр Куватов, Павлодар қаласының тұрғыны

Бәрі керемет өтті, өмірімде бірінші рет осындай сезімді бастан кештім! Тағы да қайталап көргім келеді, өте қызықты болды.

Анна Петрушина, Павлодар қаласының тұрғыны

Бірінші рет дрифт-таксиге отырып көрдім. Экстримге және эмоцияларға толы сәт болды. Көліктегі жылдамдық пен бұрылыстар кезіндегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Маған өте ұнады!

Анатолий Кинді еске алуға арналған мұндай спорттық іс-шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл жолғы дрифт-такси де жылдамдық пен драйвты сүйетін павлодарлықтардың басын қосты. Айта кету керек, қала әкімі тұрғындар арасында бұл спортқа қызығушылықтың артуына байланысты, қыста арнайы дрифт-жарыстар өткізуге болатынын айтып, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу