Өндіріс күші
Қыркүйек айының соңғы жексенбісі аталып өтетін машина жасаушылар күніне орай сала мамандары құрметке бөленді. ERG SERVICE күрделі техникалар мен құрал-жабдықтар жасап, өңірдегі өндірістің дамуына еңбек сіңіріп жүрген жандарға алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.
Қатардағы талай маман саналы ғұмырын осы салаға арнап, жинаған мол тәжірибесін жас әріптестеріне үйретуде. Осы бір айтулы күні кәсіпорын басшылығы еңбеккерлердің өндіріс ошағының өркендеуіне қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.
Евгений Ефименко, ERG service бас директоры
Жасалып жатқан әрбір өнім мен атқарылған жұмысқа бар күшін салатын жандарды марапаттап, мерекесімен құттықтау – зор құрмет. Сондықтан бүгін осында жиналған барлық еңбеккерге және иелеріне шынайы алғысымызды айтамыз.
Павлодар машина жасау зауытының директоры Евгений Ивченко машина жасау өнеркәсібінің үздігі атанды. Ол бала кезінен техникаға қызығып, сызбалар салғанды ұнатқан, ал әкесі алтыншы разрядты дәнекерлеуші болған.
Евгений Ивченко, ERG service Павлодар машина жасау зауытының директоры
Машина жасау – баршамызға ортақ іс секілді. Өйткені техника мен өндірістің бөлшегі әрбір адамның өмірінде бар. Біреулер түрлі затты жөндей алса, өзгелері оларды құрастырады – мұның бәрі бала кезден бойға сіңген дағды болар.
Ал Самат Бисенғазиевтің есімі зауыттың құрмет тақтасына енді. Ол кәсіпорында жеті жыл еңбек етіп, жүк көтергіш механизмдерді жөндеумен айналысады.
Самат Бисенғазиев, ERG service жүк көтергіш механизмдерді жөндеу жөніндегі слесарі
Құрмет тақтасына іліп, сертификат табыстағандарына қуаныштымын! Көп рақмет!
Әрбір маман үшін бұл сала – кәсіп қана емес, үлкен жауапкершілік. Себебі олардың атқаратын ісі миллиондаған адамның тұрмысы мен жұмысына әсер етеді.
Жұлдыз Қабылденова