Қариялардың даналығы мен жастардың жігері фестивальде тоғысты
Халықаралық қарттар күніне орай «ҮШ ҰРПАҚ – ОРТАҚ МҰРАТ» өңірлік фестивалі өтті. Шара белсенді ұзақ өмір сүру орталығында үйымдастырылды. Фестивалге «Әділет» партиясының Павлодар облыстық филиалы ұйытқы болды.
Шара аясында қонақтарға шығармашылық, білім беру және спорттық клубтардың жұмысы таныстырылды. «Әділет» партиясының өкілдері мен «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынына тұрақты келетін қариялармен емен-жарқын әңгім өрбітті.
Света Абдраманова, облыстық мәслихат депутаты, «Әділет» партиясы ПФ әйелдер қанатының жетекшісі
Қарттар күні аясында тағы да аға буын өкілдерімен кездесуге келіп отырмыз. Бізбен бірге жастарымыз да келді. Өйткені, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтап, апа-аталарымызбен өзара қарым-қатынасымыз орнатуымыз керек. Үлкендердің өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі, даналығы – бізге әрдайым қажет. Бүгін осы алаңда жастар мен аға буын өкілдері өзара пікір алмасып, мазмұнды уақыт өткізеді.
Фестиваль алаңдарының бірі – жаңадан ашылған ойын бөлмесі. Бұнда жастар үйірмеге қатысушы үлкендермен бірге тоғызқұмалақ ойнады. Ұлттық ойынға деген қызығушылығы ортақ әр буын өкілдері бас қосты.
Жәмилә Бұламбаева, «Әділет» партиясы ПФ «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі
Осындай ауқымды шараға қатысқаныма қуаныштымын. Бізге осындай болашақ сыйлаған аға буын өкілдеріне алғыс айтқымыз келеді. Қарияларымызды осындай мерекемен құттықтаймыз! Оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бойларына сергектік, күш-қуат тілейміз.
Қонақтар Орталықтағы шығармашылық шеберханаларға да барды. Мұнда зейнеткерлер сурет салып, тоқыма тоқиды, кесте тігеді және жүннен әр түрлі бұйымдар жасайды. Көпшілік үшін бұл – жаңа іспен айналысып көруге, көңілінен шығатын кәсіп табуға және өзімен пікірлес жандармен танысуға мүмкіндік.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 635 адам келіп жүр. Орталық басшысының айтуынша, мұнда зейнеткерлердің белсенді демалуына, шығармашылықпен айналысып, өзін дамытуға барлық жағдай жасалған.
Нұрсұлу Қайдарова, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекшісі
Біздің орталықта үш бағыт бойынша 17 клуб жұмыс істейді. Оның бірі – білім беру бағыты. Оған ағылшын және қазақ тілдерін үйрену курстары кіреді. Әдебиет клубы да бар. Спорттық бағытта жеңіл атлетика, фитнес, йога, скандинавиялық жүріс сияқты сабақтар өткізіледі. Ал мәдени-демалыс бағытында хор, би, тоқыма тоқу, жүннен бұйым жасау үйірмелері бар. Мұнда барлығы адамдардың біз бере алатын мүмкіндіктерді барынша пайдалануына бағытталған: қарым-қатынас, білім алу және, әрине, жақсы көңіл күй. Мұның бәрі адамдардың өздерін дені сау, мықты әрі қажет екенін сезінуі үшін жасалады. Ең бастысы – олар жан дүниесімен де, тәнімен де қартаймауы керек.
Үлкендердің даналығы мен жастардың жігеріұрпақтар сабақтастығын нығайтуды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер әр жастағы адамдардың бір-бірін жақсырақ түсінуіне және ортақ қызығушылықтарын табуына ықпал етеді.