Бүгін - Халықаралық театр күні. Бұл күні театрлар ең үздік қойылымдарын қойып, өнерсүйер қауымды ерекше қуантады. Шаһарымыздың өнер ошағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры да көрерменнің жүрегінен орын тепкен қойылымын қайта сахналамақ.
Театр өмір айнасы деп бекер айтылмаған. Өткен жыл өнегелі ой тастайтын орын үшін ерекше болды. Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақтың музыкалық-драма театры үздік «Ұждан» қойылымын сахналай отырып республикалық жүлдеге ілікті, оған қоса дәл осы қойылым Мәскеу жұртшылығын тәңті еткен болатын. Мереке қарсаныңда 5 жыл бұрын қойылған «Венециялық егіздер» спектаклін қайта жаңғыртпақ ойда.
Кәсіби майталмандардың жеткен жетістіктері аз емес. Халықаралық, республикалық додаларға қатысып, өнер көрсетуде. Мереке қарсанында театр актерлері көптеген марапаттарға да ие болды. Атап айтқанда сахна саңлақтарының арасында Ақық Таспаева «Дара» төсбелгісін иеленген.
Айта кету керек, өнер ұжымы өз көрермендерінің ыңғайлылығы үшін Халықаралық театр күнін пайдалана отырып арнайы электронды парақшаларының тұсауын кеспек. Бұл сайттың дизайның белгілі суретші Тимур Ақанаевтың туындыларымен ерекшеленген. Өнер иелері мен қажетті ақпараттарға толыққан сайт елдегі театрлардың арасындағы беделін еселей түспек.
Байтұрсын Жұмабай