Павлодарда стритлифтингтен жарыс өтті. Ежелгі дәуірде пайда болған спорт түрін қазір адамдар белсенді түрде қолдап келеді. Өңірімізде өткен жарысқа республиканың 8 өңірінен спортшылар қатысты.

Спорттың стритлифтинг атты түрі өңірімізде дамып келеді. Мереке күндері Ауған соғысы ардагерлері және мүгедектер қорының қатысуымен федерация өкілдері Павлодарда жарыс ұйымдастырды.

ТӨЛЕГЕН ҚОҚЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ «АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН МҮГЕДЕКТЕРІ» ҚҚ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Жыл сайын жарыстың осы түріне қатысушылар көбейіп келеді. Бұл дегеніміз жастардың спортпен белсенді шұғылданатынын көрсетеді. Бұл спорт адамдардың есірткіден, алкогольден арылуына көп әсерін тигізеді.

Жарыс - өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттауды, зиянды әдеттерге қарсы күресуді мақсат етеді. Қатысушылар да мұндай оңтайлы бастаманы қолдайтындарын жеткізді.

ЕРМҰРАТ ТЕЛЕГЕНОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Мен бұл спорт түрімен төрт жылдай айналысып келемін. Жалпы, залға шамамен тоғыз жыл барамын. Маған осы спортпен айналысқаным ұнайды. Және әрдайым осындай жарыстарды қолдауға дайынмын. Сондай-ақ, жастардың да осы спорт түрімен айналыса бастағаны қуантады. Келесі жылы жарысқа қатысатындар көбейе түседі деп ойлаймын.

Айта кетейік, жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша марапатталды. Оларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Павлодарлық спортшылар бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Қымбат Садық, Анастасия Ерш, Евгений Олейник, ЕА