Елімнің еркіндігі – ұрпақтың мақтанышы
Теренкөл ауданы
Тереңкөл ауданында Республика күніне орай «Елімнің еркіндігі – ұрпақтың мақтанышы» атты конференция өтті. Жиында педагогтер мен аудан тұрғындары тәуелсіздіктің маңызы, жас ұрпақ тәрбиесі жөнінде пікір алмасты.
Шарада ауданның әр елдімекенінен 5 спикер қатысып өз пікірлерін ортаға салды. Азаматтық жауапкершілік, заңға құрмет және Отанға деген сүйіспеншілік мәселелеріне баса назар аударылды. Жиынның ресми бөлімінде Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді.
Расул Бисимбаев, Тереңкөл ауданы әкімінің орынбасары
Ұлттық құндылықтарды сақтау мен отансүйгіштік рухта тәрбие беруде, әсіресе, жастардың үлесі зор. Осындай кездесулер жаңа идеялар туындап, ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналсын.
Конференцияның негізгі бөлімінде педагогтер өзара тәжірибе алмасты. Байқоныс орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Айгерім Рамазанованың айтуынша, елдің ертеңі экономикалық дамуымен ғана емес, саналы әрі жауапты азаматтардың қалыптасуымен де тығыз байланысты.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесі де назардан тыс қалмады. Песчаное ауылдық мектебінің әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дархан Боранбаев өз баяндамасында жастардың ел дамуына қосар үлесіне тоқталды.
Мұндай кездесулер педагогтер мен аудан тұрғындарының пікір алмасуына, жастар тәрбиесіне қатысты жаңа тәсілдерді қарастыруға мүмкіндік береді.
Байтұрсын Жұмабай