Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринның дүниеге келгеніне – 185 жыл
Бүгін – Ыбырай Алтынсариннің дүниеге келген күні. Ағарту ісіне жан-тәнімен кірісіп, балалардың әлемді тануы үшін көп еңбек еткен тұлғаның еңбегі ерекше. Ұлы ұстаз алғашқы мектептерін қалай ашты? Оның мұрасы қазіргі білім беру жүйесінде қалай қолданылады? Келесі сюжеттен көрейік.
Қазақ даласында біршама мектеп ашып, ағартушылық жол салып кеткен біртуар ұстаз Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толды. Атасы Балқожа бидің тәрбиесімен өскен ол жас кезінен білімге құмар болып өседі. Мектепті үздік аяқтап, еңбек жолын бастаған ол хатшы, аудармашы болып қызмет етеді. Ал 1860 жылы облыстық басқарма тарапынан Орынбор бекінісінде қазақ балаларына арналған арнайы мектеп ашу міндеті жүктеліп, Ыбырай Алтынсарин бұл білім ордасына орыс тілінің мұғалімі ретінде қызметке кіріскен.
Оның тікелей мұрындық болуымен қазақ даласында он төрт оқу орны ашылған. Ұлы ұстаздың ұстанымы бойынша, мектеп тек сауат ашып, есеп үйренетін орын ғана емес еді. Ол өскелең ұрпақты еңбексүйгіш болуға, адал өмір сүруге және адамгершілік ізгіліктерге баулуды басты мақсат тұтқан. Қазір ұстаздар ағартушының өшпес ізін жалғастырып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында еңбек етуде.
Бар ғұмырын қазақ балаларының білімді болуына арналған Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы дүниеден өткен. Небәрі 48 жыл өмір сүрсе де, ұлы ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері, жазушы, ақын, фолькоршы ретінде танылып, артынан өшпес мұра, жарқын із қалдырды. Ұлы ағартушының дүниеге келгеніне биыл 185 жыл.
Жұлдыз Қабылденова