Негізгі Жаңалықтар Әнімді саған арнаймын, Қазақстан!

Әнімді саған арнаймын, Қазақстан!

Республика күні қарсаңында мерекелік ұйымдастырылған іс-шаралар легі жалғасуда. Бүгін достық үйінде патриоттық әндер сайысы өтті. Оған өңіріміздің түрлі қала-ауданынан жетпістен аса қатысушы жиналды. Толығырақ әріптесім жалғастырады.


Жыл сайынғы жақсы дәстүрге айналған бұл байқау биыл жиырма бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Республика күні қарсаңында өткен іс-шарада этномәдени бірлестіктердің жастары әсем әндерді қазақ тілінде шырқады.

Рамиль Смаилов, Павлодар облысының этномәдени бірлестіктері жастар қанатының төрағасы

Бұл фестиваль түрлі этнос жастарының мемлекеттік тілге деген құрметі мен ықыласын аңғартады. Мемлекеттік тіл – патриотизм тіректерінің бірі, біздің мақтанышымыз. Осындай іс-шаралар, концерттер, фестивальдар, акциялар арқылы біз мемлекеттік тілді меңгерудің өте маңызды әрі басым бағыт екенін көрсетеміз.

Сахна төріне шыққан өнерпаздар байқаудың тақырыбына сай ерекше туындылар дайындап келген. Олар түрлі жанрдағы патриоттық әндерді орындады.

Байқаудың ширек ғасырлық тарихында мыңға жуық талант өнер көрсетіп үлгерген. Ал биылғы сайысқа жетпістен астам өнерпаз жиналды.

Сайысқа қатысқан шығармашылық ұжымдардың әрқайсысы жоғары дайындықпен келген. Кәсіби әншілер мен музыка саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалау критерийлері ретінде олардың орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетін ұстануына, киім үлгісі мен туындының тақырыпқа қаншалықты сай таңдалғанына назар аударды. Нәтижесінде үздік деп танылғандар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу