Атқарушылық іс жүргізу цифрлық форматта
Атқарушылық іс жүргізу туралы ақпарат алу, өтініш немесе өтінішхат жолдау енді онлайн форматта қолжетімді. Ол үшін Қазақстанда «AdiletGov» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бұл сервис жеке сот орындаушыларымен қашықтан байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Цифрлық құрал қалай жұмыс істейді және Павлодар облысының тұрғындарынан қанша өтініш түсті? Толығырақ тілші материалында.
Цифрлық сервистер азаматтардың мемлекеттік органдармен және мамандармен өзара байланысын біртіндеп жеңілдетіп келеді. Осындай құралдардың бірі – «AdiletGov» қосымшасы. Онда атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларға қажетті ақпарат алуға және өз өтініштерінің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік беретін «Тараптар кабинеті» бөлімі қарастырылған.
Әсия Әміржанова, сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің бас маманы
«Тараптар кабинеті» атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларға өздеріне ыңғайлы уақытта өтініш жолдап, атқарушылық құжаттардың орындалу барысы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Онлайн сервис арқылы пайдаланушылар сұрау салып, бес жұмыс күніне дейінгі мерзімде ресми жауап ала алады. Яғни, әділет органдарына немесе жеке сот орындаушыларына жеке барудың қажеті жоқ.
2025 жылдың шілде айынан бастап, «Тараптар кабинеті» модулі іске қосылған сәттен бері Қазақстан Республикасы бойынша атқарушылық іс жүргізу тараптарынан осы сервис арқылы 66 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде Павлодар облысы бойынша екі мыңнан астам өтініш тіркелген.
Өтінішті қарау мерзімі істің мән-жайына және қосымша атқарушылық әрекеттердің қажеттілігіне байланысты. Мәселен, құжаттарды тексеру қажет болса, маманға көбірек уақыт керек болуы мүмкін. Ал кейбір мәселелерді әлдеқайда қысқа мерзімде шешуге болады.
Дамир Мерғалымов, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы
Мысалы, қандай да бір атқарушылық әрекеттерді орындау қажет болса, қалыптасқан жағдайға байланысты сот орындаушысына төрт-бес күн уақыт керек болуы мүмкін. Ал қосымша тексеру немесе оқиға орнына бару талап етілмесе, растайтын құжаттар болған жағдайда өтінішті қарау мерзімі қысқарады. Мәселен, тыйым салуды алып тастау мәселесі бойынша сот орындаушысы өтінішті сол күні қарап, жауап бере алады.
Сот орындаушысына өтініш берушіге тиісті жауап ұсыну үшін бес жұмыс күні жеткілікті.
«Тараптар кабинеті» модулі өткен жылдың шілде айында іске қосылды. Павлодар облысында биылғы тоғыз айда 2 183 өтініш тіркелген. Егер өңір тұрғыны белгіленген мерзімде жауап алмаса, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жүгіне алады. Ал тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда, Әділет департаментіне шағымдануға құқылы. Осылайша, цифрлық сервис азаматтарға артық әуре-сарсаңсыз атқарушылық іс жүргізуге қатысты мәселелерді шешуге және өтініштерінің қаралу барысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді.