«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері анықталды
Республика күні қарсаңында марапаттау легі әрмен қарай да жалғасты. Облыс жастары арасындағы «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Түрлі саланың тізгінін ұстаған жиырма жас мемлекеттің өркендеуіне қосқан айрықша үлесі үшін марапатталды. Толығырақ – алдағы сюжетте.
Тамыз мен қыргүйек айлары аралығында 14 пен 35 жас аралығындағы белсенді жастардан байқауға қатысу үшін өтінімдер қабылданды. Түрлі салаларда қызмет етіп жүрген жандардан барлығы 146 өтінім түсіп, солардың ішінен ең үздіктері іріктелді. Облыс әкімі оларды құттықтап, марапаттар табыстады. Үздіктер қатарынан көрінгендер арасында 16 жасында бірнеше тілді меңгерген Айханым Оқасова бар.
Ал өндіріс саласында жұмыс істейтін Мадина Марденова «Өндіріс қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Мадина Марденова, Павлодар алюминий зауытының қызметкері
Менің жұмысым өте күрделі, өйткені қауіпті өндірісте – алюминий зауытында еңбек етемін. Павлодар облысы еліміздегі алюминий өндіретін ең ірі аймақ екені бәрімізге белгілі. Менің жұмысым әртүрлі қоспаларды, сілтілерді және басқа да заттарды айдап, тасымалдайтын сорғыларға қызмет көрсетуді қамтиды. «Әлеуметтік желіде бұл сайыстың өтетіні туралы жаңалықты оқығаннан кейін, бірден құжаттарым мен жетістіктерімді жинауға кірістім. Бұған дейін алған марапаттарымның бірі – «Еңбек озаты»ә медалі.
Жалпы бұл байқауда «Білім», «Спорт», «Мәдениет», «Қоғамдық қызмет», «Журналистика», «Өндіріс қызметкері», «Волонтерлік», «Цифрландыру және технологиялар», «Ерлігі үшін» және «Медицина» бағыттары бойынша жиырма адам үздік атанды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 500 000 теңгенің арнайы сертификаты табысталды. Марапатталғандардың қатарында арнамыздың тілшісі Байтұрсын Жұмабай да бар. Әріптесімізді жеңісімен құттықатймыз!
Жұлдыз Қабылденова