Аспаздар бас қосты
Әрбір дәмді тағамның артында кәсіби шеберлік, төзім мен тынымсыз еңбек тұрады. Павлодарда еліміздің түкпір-түкпірінен келген аспаздар бас қосты. Республикалық кездесу барысында олар кәсіби мерекені атап өтіп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ ас әзірлеу өнерінің қыр-сырын талқылап, әріптестерімен пікір бөлісті.
Бұл кеште күнделікті өзгелерге қызмет көрсетіп, қонақтарды күтіп алатын мамандардың өздері құрмет төрінен орын алды. Жұмыс қарбаласының орнына мерекелік көңіл күй орнап, әр өңірден келген әріптестер бір-бірімен жүздесті. Олардың әрқайсысының өз тәжірибесі, кәсіби қалыптасу жолы мен жұмыс тәсілі бар. Дегенмен барлығына ортақ бір қасиет бар. Ол – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тағам әзірлеуге шынайы ықылас таныту.
Бибігүл Кенина, ұйымдастырушы
Біздің басқосуымыз Халықаралық аспаздар күніне орай ұйымдастырылды. Негізгі мақсатымыз аспаз мамандығын насихаттау. Қазір жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Сондықтан осы мерекеге орай әріптестерімді жинап, бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағым келді. Аспаз болу – оңай жұмыс емес. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты талап етеді. Бүгінгі кездесуге 110 қонақ жиналды. Олардың қатарында дәмді тағам әзірлеп жүрген білікті аспаздар бар. Биыл басқосуға Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Астана, Рудный, Ақсу, Екібастұз, Семей және басқа да қалалардан өкілдер келді.
Аспаздық өнер тек ыстық тағам әзірлеумен шектелмейді. Оның кондитерлік бағытында да кәсіби шеберлік пен ұқыптылықтың маңызы зор. Тәтті тағамның дәмі мен сыртқы көрінісі әрбір ұсақ-түйекке мән беруге байланысты. Ал мінсіз нәтижеге жету үшін жылдар бойы тәжірибе жинап, білімді жетілдіру қажет.
Башир Хатаев, кондитер (Қарағанды облысы)
Қарағанды облысында кондитер болып жұмыс істеп жүргеніме 6-7 жыл болды. Үш білімім бар: біреуі – жоғары, екеуі – арнаулы орта білім. Бибігүл осы іс-шараға шақырғанда, қуана келістім. Аспаздарды бір жерге жинап, осындай кездесу ұйымдастырғаны үшін оған алғыс айтамын. Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Жұмыстарына табыс, өмірлеріне береке, мансаптарына өрлеу тілеймін.
Қарлығаш Төлешова, бас аспаз (Қостанай қаласы)
Бүгінгі мерекемен өз әріптестерімді құттықтаймын. Жұмыста табыс, денсаулық тілеймін. бүгінгі күніміз сітті, көңілді өтсін.
Мұндай кездесулер мамандарға өзге әріптестермен танысып, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді. Ал болашақ мамандар үшін бұл – аспаздықтың өзіндік ерекшелігі бар, ізденіс пен еңбекті қажет ететін сала екенін көрсететін басқосу.
Бибігүл Кенина, ұйымдастырушы
Бүгінгі тамаша мерекемен барлық әріптесімді құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық тілеймін. Еңбектеріңіз қаншалықты ауыр болса да, әрдайым ақжарқын қалпыңыздан танбаңыздар. Қолдарыңыз талмасын, күш-қуаттарыңыз сарқылмасын! Әрдайым аман болып, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.
Әр аспаздың өзіндік қолтаңбасы, әр кондитердің өз құпиясы бар. Ал нағыз шебердің басты ерекшелігі – үнемі ізденіп, кәсіби деңгейін жетілдіруге ұмтылуы. Павлодардағы республикалық басқосу бір мамандық иелерін ортақ мақсатқа біріктіріп, дәмді тағамның артында күнделікті еңбек, тәжірибе мен шеберлік тұрғанын тағы бір мәрте көрсетті.
Сабина Жолдаспаева