Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі «Тәуелсіздік ұландарын» марапаттады

Облыс әкімі «Тәуелсіздік ұландарын» марапаттады

Республика күні қарсаңында облыстың білімді әрі талантты оқушылары марапатталды. Оларға өңір басшысы «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісі мен сыйлықтар табыстады. Толығырақ әріптесім жалғастырады.


Түрлі байқаулар мен жарыстарда оза шауып, қоғамға пайдалы істерімен көзге түскен балаларды тауып, оларға қолдау көрсету – бұл конкурстың басты мақсаты. Осы орайда облыс әкімі Асайын Байханов жеңімпаз атанған оқушылармен жүздесіп, оларды құттықтады және ізгі тілегін білдірді.

Байқау қатысушылары арасынан «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі», «Кәсіби шеберлік», «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік» және «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» сынды бес түрлі бағыт бойынша үздіктер анықталды. Мәселен, Шарбақты ауданынан келген Кәусар Азамат білім саласындағы жетістіктері марапатқа ие болды.

Ал Даниил Фрикин «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» бағыты бойынша үздікдер қатарынан көрінді. Ол осы жылдың жаз айында өзенге батып бара жатқан жас қыздың өмірін аман алып қалған.

Даниил Фрикин, Ш. Шөкин атындағы ЖОББ гимназия-мектебінің 7-сынып оқушысы

Шілде айы еді. Мен Усолкадағы көпірлердің бірінің астында балық аулап жүргенмін. Кетейін деп жатқан кезде, бір қыздың аяғы тайып, суға құлап түскенін көрдім. Бірден жаңағы қыз құлап түскен екінші көпір жаққа жүгіріп бардым да, суға түсіп, оны алып шықтым. Құтқарып жатқанда, кішкене уайым болды. Бірақ мен кезінде жүзумен кәсіби түрде айналысқанмын. Сондықтан мұндай жағдайда не істеу керек екенінен хабарым бар. Өз ісімді ерлік деп санамаймын. Менің орнымда кім болса да, өзінше көмектесер еді деп ойлаймын. Мәселен, ол қыздың құрбысы бірден 112-ге хабарласты. Бұл да – үлкен көмек. Әркім өз шамасына қарай жәрдем етеді. Қыздың әкесі алғыс айтты, ал ол оқитын Әлімбаев мектебі «Алиса» колонкасын сыйға тартты, білім беру бөлімі де марапаттап, ноутбук, проектор табыстады және менің мектебім волосипед сыйлады. Мұндайды күтпедім. Бәріне шынайы алғысымды білдіргім келеді.

Салтанатты марапаттау рәсімі аяқталған соң, жеңімпаздар алған әсерлерімен бөлісіп, пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды, сондай-ақ аймақ басшысына алғыстарын жеткізді.

Айта кету керек, облыс бойынша барлығы 100 жас өрен «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісінің иегері атанған. Олар облыс әкімімен өткен бұл маңызды кездесуге қашықтан – бейнеконференция форматында қатысты.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу