Негізгі Жаңалықтар «Ертіс әуендері» хоры атамекенде өнер көрсетті

«Ертіс әуендері» хоры атамекенде өнер көрсетті

Республика күні қарсаңында Атамекен кентінің Мәдениет үйінде мерекелік концерт өтті. Көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған кеште «Ертіс әуендері» халықтық ардагерлер хоры өнер көрсетті. Ұжым елді мекенге гастрольдік сапармен келіп, жергілікті тұрғындарға ән тарту етті.


Сахнаға шыққан «Ертіс әуендері» халықтық ардагерлер хоры көрерменге сан алуан ән ұсынды. Өнер ұжымы Астана мен Омбы қалаларында өткен байқауларда өнер көрсетіп, тәжірибе жинақтаған. Бұл жолы да хор мүшелері өздерінің орындаушылық шеберлігін танытып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Концерттің мақсаты ардагерлер шығармашылығын насихаттап, ұлттық мәдени мұраны сақтау. Өнер арқылы рухани құндылықтарды дәріптеу де кештің маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе, үлкен буын өкілдерінің еңбегі мен өнерін бағалау қоғам үшін айрықша мәнге ие.

Қайырбек Мұхамедияров, Атамекен кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы

Респбулика күніне орай ауылымзға сапармен хор келді. Бұл хор жоғары деңгейәде концерт беруде. Репертуары көп. Біздің ауыл тұрғындары концерттен жақсы рух алып, сезімге бөленіп жатыр. Келе жатқан Республика күнімен бүкіл жерлестерімізді құттықтаймыз. Аспанымыз ашық болсын, елімізде тыныштық болсын. Әр үйде жайлы жағдай молынан болсын.

«Ертіс әуендері» халықтық ардагерлер хорының құрамында 40-тан астам өнерпаз бар. Қатысушылардың орташа жасы – 74-те, ал ең үлкен мүшесі 90 жасқа таяған. Соған қарамастан, олар өнерге деген құлшынысын жоғалтпай, тұрақты түрде дайындалып, көрерменге ән тарту етіп келеді. 2019 жылдан бері хор облыстың бірқатар елді мекенінде және өзге өңірлерде өнер көрсетіп, шығармашылық сапарларын жалғастырып келеді.

Қайырманат Батталова, «Ертіс әуендері» халықтық ардагерлер хорының мүшесі

Біз осы аралықта облыстың барлық аудандары мен қалаларында болдық. Семей қаласында болып. Алтай өлкесіне бардық. Репертуамыз үлкен. Хорымыздың жетекшісі Тамара Михаиловна. Біздің хордың дайындығы жұмасына екі рет болып тұрады. Естай атындағы мәдениет үйінде өтеді. Оған бәріміз қатысамыз. Хордың мүшелері әнді сүйетін адамдар. Біздің нағыз құрам бұрыннан келе жатыр. 2019 жылдан бері келе жатқан адамдар.

Жасы ұлғайса да, өнерге деген ықыласы бәсеңдемеген хор мүшелері көрерменге ән арқылы қуаныш сыйлап жүр. Осындай мәдени кездесулер аға буынның белсенді өмір салтын қолдап қана қоймай, олардың мол тәжірибесі мен өнерін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді.


Сабина Жолдаспаева





Бөлісу