Павлодарлық өрт сөндірушілер сайысқа түсті
Павлодарда өрт сөндіру көліктерін жоғары жылдамдықта шебер басқарудан жарыс өтті. Үздік атану үшін төтенше жағдайлар департаментіне қарасты 20 бөлімше сайысқа түсті. Толығырақ – алдағы сюжетте.
Салмағы шамамен 20 тонна болатын өрт сөндіру көлігінің рөліндегі жүргізушілер бірнеше тапсырманы орындауы тиіс болды. Олар – белгіленген конустарды айналу, көпірден өту, 90 градус бұрылыс жасау, параллель тұраққа тұру және гаражға кері жүріспен кіру. Бұл ретте қашықтықты жылдам жүріп өту ғана емес, қателіктер үшін айыппұл балдарын алмау да маңызды.
Жанболат Таукенов, Екібастұз қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерін жүргізу инструкторы
Бұл салада 2021 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазір 6 жыл еңбек өтілім бар. Мұндай жарыстар бізге күнделікті жұмыста аулалар мен тар көшелерден кедергісіз өтіп, кдеергілерді айналып, оқиға орнына жылдам жетуге септігін тигізеді. Яғни осы дағдыларымызды пысықтап, шыңдаймыз. Бастысы – көлік габаритін дұрыс бағамдай білу.
Жарыста жүргізуші өзінің күшіне ғана сенбейді, командада бөлімше командирі мен өрт сөндіруші де бар. Мәре сызығынан өткен соң, жүргізуші бірден өрт сөндіру сорғысын қосып, жеңдік желіге су немесе көбік айдау үшін етіп қысымды реттейді. Ал өрт сөндіруші су ағынын нысанаға дәл бағыттауы қажет. Нысана сәтті көзделгеннен кейін ғана экипаж жарысты аяқтайды.
Әмірхан Күзембаев, Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру бөлімінің аға инженері
Бұған дейін автодром ескі болатын, бір ай бұрын ғана жаңадан іске қосылды және бізге әскери-техникалық мектеп оны пайдалануға рұқсат берілді. Жарыстар Павлодар облысы ТЖД бөлімшелері жүргізушілерінің кәсіби дағдыларын жақсарту мақсатында өткізіледі. Жеңімпазға медальдар, кубок және бірінші орын алған жүргізушіге кілттер жиынтығы табысталады.
Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, алып техниканы тізгіндеудегі шеберлік пен экипаждың ауызбіршілігі тілсіз жаумен күреске дер кезінде жетіп, адам өмірін аман алып қалуда маңызды рөл атқарады. Дәл сол үшін де бұл сайыс жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, құтқарушылардың кәсіби біліктілігі мен төтенше жағдайдағы ептілігі арттырылады.
Жұлдыз Қабылденова