Облысымызға ҚР Парламенті сенатының депутаты Ернұр Әйткенов келді. Кездесулердің бірінде тұрғындарды қабылдады. Онда қандай мәселелер жайында сөз қозғалды? Алдағы сюжетте.

Кездесуге Семей ядролық сынақ полигоны құрбандарының тегін қоғамдық көлікте жүру, денсаулық сақтау тағы өзге мәселелері арқау болды. Радиациялық қауіп тараған аймақтардың тұрғындарына жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша күндер қосылады. Ондай экологиялық апат аумақтарына Май, Аққулы, Баянауыл аудандары жатады. Бұл аудан тұрғындарына 5-тен 12 күнтізбелік тәулікке дейін төленетін демалыс қарастырылған. Десе де, бұл елді мекендерден қоныс аударғандар жеңілдіктерден айырылып қалатын көрінеді. Бұл туралы сауалға облыстағы еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы жауап берді.

АЛМАГҮЛ МҰХАМЕДОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Семей полигонына байланысты заңда «радиоактивті заттармен ластануға ұшыраған аудандарда тұратын азаматтар» мен «аталған ауданда тұрған азамттар» жеке санаттарда қарастырылады. Яғни, еңбекақы төлеуге, қосымша еңбек демалысын алуға және зейнетақыға қосымша ақы төлеуге қатысты жеңілдіктер негізінен Семей ядролық полигоны аймағында тұратындар үшін берілед. Конституциялық сотқа өтініш беруші дәл осы мәселемен жүгінген. Конституциялық сот Семей ядролық полигоны аймағынан тыс жерге көшкен адамдар осы Заң нормасы бойынша, төлемдер мен жеңілдіктерден айырылады деп шешті.

Кездесу жұмыс тобын құруға бастау болды. Оның құрамына ядролық жарылыс болған уақытта Май ауданында тұрған азаматтар мен олардың балалары кіреді.

ЕРНҰР ӘЙТКЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін, апаттың зардаптары біліне бастады. Салдарынан, тұрғындар арасында онкологиялық дертке шалдыққандар көбейді. Бұрын адамдарға оның қайдан пайда болғаны белгісіз болса, кейін себебі рациация екені анықталды. Сондықтан бүгінгі мәселелер өте маңызды.

Кездесудің қорытындысы бойынша, 10 күннен кейін жиналыс ұйымдастырылатын болды. Аталған сұрақтар қайта талқыланып, шешімі табылады деп жоспарлануда. Одан соң бұл мәселелер Парламент деңгейінде көтеріледі.

ЖҰЛДЫЗ ҚАБЫЛДЕНОВА, МЕДЕТ КӘРІМ, ЕА